Тоқаев пен Маттарелла бір-біріне орден табыстады

Жарияланды
General News бөлімінің аға тілшісі
Маттарелла Тоқаевқа Италияның ең жоғары наградасын тапсырды/фото: Ақорда

Қасым-Жомарт Тоқаев Италия президенті Серджо Маттарелланы І дәрежелі «Достық» орденімен марапаттады. Ал Маттарелла Тоқаевқа Италияның ең жоғары наградасы – «Италия Республикасына сіңірген еңбегі үшін» орденін тапсырды. Бұл туралы Ақорда хабарлады.

Тоқаев Италия президентіне халықтың қолдауына ие болған көшбасшы, әлемге танымал беделді саясаткер деп баға берді.

«Еліңізде экономика, инновациялық технология саласында тың жобалар жүзеге асырылып жатыр. Экология, «жасыл» энергетика бағытында озық бастамаларыңыз бар. Италияның терең тарихы, бірегей мәдени мұрасы – бүкіл адамзаттың құнды қазынасы», – деді президент.

Айтуынша, екі ел арасындағы саяси диалог жоғары деңгейде жүріп жатыр. Сауда-экономикалық және мәдени-гуманитарлық байланыс қарқынды дамып келеді.

Маттарелла «Италия Республикасына сіңірген еңбегі үшін» ордені Италиямен достық қатынасты нығайтуға үлес қосқан мемлекеттер басшыларына ғана берілетінін айтты.

«Италия мен Қазақстан арасындағы ынтымақтастықты дамытуға ұдайы атсалысып келе жатқаныңыз үшін ризашылық білдіреміз. Сізге табысталып отырған бұл марапат біздің Республикамызға сіңірген еңбегіңіздің бағасы, – деді Италия президенті.

Айта кетейік, Астанадағы орталық көшелердің біріне саяхатшы Марко Поло есімі берілетін болды.

Сондай-ақ оқыңыз