«Қайрат–Реал Мадрид» матчы кезінде 2,5 мың полиция қоғамдық тәртіпті қадағалайды

Алматы полициясы «Қайрат» пен «Реал» арасындағы УЕФА аясында өтетін халықаралық футбол ойынына сақадай-сай дайын екенін хабарлады. Бұл шара қала үшін үлкен спорт мерекесі болатындықтан полицейлер қауіпсіздік пен тәртіпке ерекше назар аударып отыр.
Қалалық Полиция департаментінің баспасөз қызметінің мәліметінше, құқықтық тәртіп пен қауіпсіздікті қамтамасыз ету үшін кешенді шаралар қабылданған. Қоғамдық тәртіпті күзетуге 2,5 мыңнан астам қызметкер тартылады. Олар жанкүйерлер мен ойынға қатысушылардың қауіпсіздігіне және жол қозғалысын реттеуге аса мән бермек.
«Қымбатты алматылықтар, қадірлі қонақтар! Ертең қаламызда «Қайрат – Реал Мадрид» арасындағы халықаралық футбол матчы өтіп, үлкен оқиғаның ордасына айналады. Біз әлемнің түкпір-түкпірінен келген жанкүйерлерді көргенімізге қуаныштымыз. Бұл біз үшін спорт мерекесі ғана емес, Алматының шынайы келбетін – қонақжайлығын, құрметін және жоғары мәдениетін көрсетуге үлкен мүмкіндік», — деді Алматы қалалық ПД Жергілікті полиция қызметі басқармасы бастығының орынбасары Тимур Ноғайбаев.
Құқық қорғау өкілі матч күні қозғалысқа ішінара шектеулер енгізілетінін атап өтті. Билік тұрғындардан маршруттарын алдын ала жоспарлауды, уақытша іс-шараға түсіністікпен қарауды және көшеде, көлікте әрі стадионда тәртіпті қатаң сақтауды сұрайды.
«Команданы қолдаңыздар, бірақ мәдениетті түрде. Қаламызды таза ұстайық, бір-бірімізге және қонақтарға құрметпен қарайық. Сол арқылы Алматы мен бүкіл еліміздің имиджіне үлес қосамыз», — деді ол.
Айта кетейік Туризм индустриясы комитетінің алдын ала есебіне сенсек, «Қайрат – Реал Мадрид» ойынына 4 мыңнан аса турист келеді. Шетелдік туристерден бюджетке 2-3 млрд теңге қаражат түседі деген болжам бар.
Еске салып өтейік «Қайрат» – «Реал Мадрид» ойыны 30 қыркүйекте сағат 21:45-те Алматыдағы Орталық стадионда өтеді.