Тоқаев жаңа министрді қабылдады

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев жаңа Оқу-ағарту министрі Жұлдыз Сүлейменованы қабылдады. Бұл туралы Ақорда хабарлады.
Кездесу барысында Қасым-Жомарт Тоқаев мемлекеттік және салалық бағдарламалар мен ұлттық жобаларды тиімді іске асырудың маңыздылығына тоқталып өтіп, жаңа министрге білім беру сапасын арттыруды, саладағы өзекті мәселелерді уақтылы шешуді тапсырған.
Сонымен бірге азаматтармен тығыз қарым-қатынас орнату мәселесіне мән беру қажет екенін де ескерткен.
Еске сала кетсек, бүгін 29 қыркүйекте президент Оқу-ағарту министрі болған Ғани Бейсембаевты қызметінен босатып, орнына Жұлдыз Сүлейменованы тағайындады.
Министр ауыспай тұрып, жеке мектептердің ұстаздары Астанаға барып, ереуіл өткізуді жоспарлаған. Жекеменшік білім беру ұйымдарының республикалық қауымдастығы төрайымы Роза Садықованың айтуынша, жекеменшік мектептердің өкілдері мамырдан бері төлем ала алмай жүргенін айтып, Ақорда алдына барып ереуіл өткізбек болған. Бұл жөнінен экс-министрдің хабары болғаны айтылады. Мектептер енді жаңа министрге үміт артып отыр.