Түркістан тұрғыны үйінің қақпасына «Қайрат» пен «Реал» эмблемасын салып шықты

Түркістандық футбол жанкүйері үйінің қақпасына алматылық «Қайрат» пен мадридтік «Реал» клубының эмблемасын салып шыққан. Бастапқыда ол тек «Реал Мадрид» эмблемасын салғысы келген. Алайда ойын сүйікті футбол клубы Чемпиондар лигасы аясында қазақстандық командамен ойнайтын болғандықтан, қақпасына «Қайрат» клубының эмблемасын да салуды жөн деп тапқан.

18 жастағы Рамазан Сәдуақас сурет салумен 10 жылдан бері айналысады.
«Кешке үйге келген соң қолым қалт еткенде салып жүрдім. Хоббиім десем болады. Үлкен ағам суретші, идея авторы да сол кісі. Бояуына артық шығын кеткен жоқ. Үйдегілер де дәл осы суретті салғаныма қарсылық танытпады», – дейді Рамазан.
Жігіт бұрыннан «Реал Мадрид» жанкүйері екенін айтады. Ал 30 қыркүйекте өтетін ойында қазақстандық «Қайрат» футбол клубына жанкүйер болады.
Рамазан қақпаның екінші жағына «Қайрат» пен «Арсенал» эмблемасы суретін салып жатыр. Жоспары бойынша «Қайрат» – «Арсенал» ойыны басталғанша ол суретті де аяқтайды.
Рамазан Сәдуақас – түркістандық жас суретші. Бұған дейін Елдос Сметов Олимпиада чемпионы атанған кезде Қожа Ахмет Ясауи атындағы қазақ-түрік университетінің ғимаратына 6 метр етіп жеңімпаздың суретін салған.
Айта кетейік, Испанияның «Реал Мадрид» футбол клубы Алматыға 28 қыркүйекте келді. Команда УЕФА Чемпиондар Лигасы аясында «Қайратқа» қарсы матч өткізеді.
Ал «Қайрат» – «Реал Мадрид» ойыны 30 қыркүйекте сағат 21:45-те Алматыдағы Орталық стадионда өтеді.