Қазақстанда 100-ден асқан 448 қария бар: ең үлкені – 115 жаста

Қазақстанда ғасыр жасаған және одан асқан 448 адам өмір сүріп жатыр. Ең жасы үлкен қария Ұлытау облысының тұрғыны. Ол биыл 115 жасқа толған туған күнін атап өтті. Бұл туралы Kursiv.Media Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігіне сілтеме жасап хабарлайды.
Ұзақ өмір сүретін азаматтар саны бойынша көш бастап тұрған өңір Алматы қаласы. Мұнда 100 жастан асқан 58 адам тұрады. Бұл – еліміз бойынша ең жоғары көрсеткіш.
Екінші орында Түркістан облысы. Облыста ұзақ ғұмыр кешіп жатқан 53 қарт бар. Үшінші орынды Алматы облысы иеленіп отыр, бұл өңірде 100-ден және одан асқан 37 қария тұрады.
Қазіргі таңда көп жасап отырған үш қазақстандықтың қатарында:
- Ұлытау облысындағы 115 жастағы,
- Павлодар облысындағы 113 жастағы,
- Жамбыл облысындағы 110 жасқа жеткен қария бар.
Бұл деректер Халықаралық қарттар күні қарсаңында жарияланып отыр. Айта кетейік, бұл мереке жыл сайын 1 қазанда атап өтіледі. 1990 жылы 14 желтоқсанда Біріккен Ұлттар Ұйымының Бас Ассамблеясы Халықаралық қарттар күнін ресми түрде бекіткен болатын.
Қарттар күніне орай көптеген өңірде бір реттік ақшалай көмек беріледі. Биыл астаналық зейнеткерлерге жергілікті әкімдік 2,5 айлық есептік көрсеткіш (АЕК) – 9 830 теңге көлемінде бір реттік ақшалай көмек береді.