Экономиканы әртараптандыру: туризм саласы мұнайға тәуелділікті төмендете ала ма

Қазақстан Үкіметі ел экономикасын мұнайға тәуелділіктен біртіндеп арылтып, жаңа мүмкіндіктерге жол ашуды көздеп отыр. Президент Қасым-Жомарт Тоқаев биылғы жолдауында экономиканы әртараптандыруды тың қарқынмен жалғастыруды тапсырған.
Мұнай-газ саласының сарапшысы Олег Червинскийдің жазуынша, осы бағыттағы басты қадамның бірі – туризм саласын дамыту, оны ұлттық экономиканың жаңа тіректерінің біріне айналдыру.
Шикізат өндіру салаларының ашықтық бастамасы (EITI) деректеріне қарағанда, 2021 жылы мұнай-газ секторы еліміздің жалпы ішкі өнімінің 14%-ын және барлық салық түсімінің 40%-дан көбін қамтамасыз еткен. Бұл Қазақстан бюджетінің басым бөлігі көмірсутек экспортына сүйенетінін көрсетеді.
Bloomberg мәліметінше, 2024 жылы Қазақстан дәлелденген мұнай қоры бойынша 30 млрд баррельмен әлемде 12-орында тұр. Ал British Petroleum бағалауынша, еліміздің табиғи газ қоры 2,3 трлн текше метрді құрайды. Осындай байлыққа ие бола тұра, Қазақстан мұнай мен газ бағасының құбылуына тәуелді. Сондықтан да экономиканы әртараптандыру – уақыт талабы.
Сарапшының жазуынша, осы бағыттағы айқын қадамдардың бірі – халықаралық Pas Grau International компаниясымен бірге дайындалған Almaty SuperSki жобасы. Ол жүзеге асса, Алматының экологиялық әрі қысқы туризм орталығы ретіндегі мәртебесін күшейтіп, 5 мыңнан астам жаңа жұмыс орнын ашпақ.
Бүгінде Шымбұлақ курорты жылына шамамен 1,5 млн турист қабылдайды. Бұл оның шынайы мүмкіндігінен үш есе көп. Жаңа жыл мерекесінде ски-пасс бағасы 20 мың теңгеге дейін қымбаттайды, ал бір туристің орташа шығыны 60–70 мың теңгені болады. Бұл көрсеткіштердің өзі тау-шаңғы туризмінің табысты сала екенін айқындайды.
Жаңа курорт туристік ағымды бөліп, Шымбұлақтағы жүктемені азайтады. Сонымен қатар қолжетімді баға мен сапалы қызметті үйлестіре отырып, қонақтарға жаңа мүмкіндік ұсынады. Туризм тек билет сатудан табыс әкелмейді – қонақүй бизнесін, тамақтану, көлік, сауда және қызмет көрсету салаларын да өркендетеді.
Қысқы демалыс әдетте жазғыдан қымбат. Мысалы, Еуропада төрт адамнан тұратын отбасының Аустрия тауында бір күн шаңғы тебуі 250 еуроға түседі, оған әлі жолақы мен тамақ қосылмаған. Алматыдағы баға әлдеқайда қолжетімді болуы мүмкін, әрі ол мәдениеті мен тарихымен ерекшеленіп, туристер үшін тартымды бағытқа айнала алады.
Басқа мемлекеттердің тәжірибесі қандай
Мұнайға бай мемлекеттердің көбі қазірдің өзінде туризмді жаңа стратегиялық сала ретінде дамытып отыр.
- Қатар: былтыр елге 5 миллионнан астам турист келді, туризмнің ЖІӨ-дегі үлесі – 8%. 2030 жылға қарай бұл көрсеткішті 12%-ға жеткізуді жоспарлап отыр.
- Бахрейн: жыл сайын 10–12 миллион турист қабылдайды. Бұл ел халқының санынан бірнеше есе көп. Туризмнің ЖІӨ-дегі үлесі – 6–7%. Маусым кезінде қонақүйлердің 95%-ы босамайды.
- Сауд Арабиясы: туристік инфрақұрылымды дамытуды басымдық етіп, жылына 27 млн қонақ қабылдап отыр.
Қазақстанда алдағы жылдары әлемдік қонақүй брендтерінің қатары көбеймек, Елдің 11 өңірі мен қаласында халықаралық стандарттарға сай 24 жаңа қонақүй салу жоспарланып отыр.