Сарапшылар теңге неге құнсызданғанын айтты

29 қыркүйек күні доллар бағамы 4 теңгеге қымбаттап, теңге құнсызданды. Қазақстан қор биржасындағы дүйсенбі күнгі сауда қорытындысы бойынша АҚШ долларының орташа бағамы 548,77 теңгеге жетті. Сауда көлемі 286,6 млн долларды құрап, 47,8 млн долларға азайды.
Қазақстан қаржыгерлер қауымдастығы сарапшыларының пайымдауынша, ұлттық валютаның әлсіреуіне бір жағынан мұнай бағасының төмендеуі, екінші жағынан ай соңында дәстүрлі түрде шетел валютасына сұраныстың артуы ықпал еткен.
Қазақстандық компаниялар бұл кезеңде импорттық келісімшарт бойынша төлемдер жасап, сыртқы қарыздарын өтейді.
Сонымен қатар, Kurs.kz дерегінше, бүгін Астанадағы айырбастау пункттерінде доллардың орташа сату бағасы 550 теңгеден асып, психологиялық шекке жақындады. Сарапшылардың айтуынша, мұндай құбылыс импорттық тауарлардың қымбаттауына және инфляцияның жеделдеуіне әсер етуі мүмкін.
Өткен апта соңында да теңге қысымға ұшыраған еді: жұма күні сауда 545,80 теңге деңгейінде жабылып, орташа сараланған курс 544,45 теңге болып, апталық максимумды тіркеген.