Экономикалық өсім мен табыс парадоксы: халықтың тұрмысы неге жақсармай жатыр

2025 жылдың алғашқы жартысында қазақстандықтардың нақты ақшалай табысы төмендеді. Бұған басты себеп – наурыз айынан бері сақталып отырған жоғары инфляция. Инфляция халық табысының нақты өсімін «жеп қойып» олардың сатып алу қабілетін әлсіреткен.
Халықтың нақты табысы төмендеген сайын, адамдар күнделікті шығынын жабу үшін банктен тұтынушылық несие алуға мәжбүр. Halyk Finance сарапшыларының айтуынша, бұл үрдіс – қазіргі жағдайдың айқын көрінісі. Бұған қоса, депозиттердің өсу қарқыны да баяулап барады.
«Халықтың негізгі табыс көзі – жалақы 2025 жылы нақты өсім қарқынын күрт баяулатты. Жалақы деңгейіндегі теңсіздік те өзекті мәселе болып отыр: жалдамалы жұмысшылардың жартысынан астамының табысы орташа жалақыдан төмен. Бұл ретте салааралық айырмашылықтар да байқалады: бір секторларда жалақы айтарлықтай жоғары болса, кейбір салаларда еңбек ақысы халықтың күнкөрісіне әрең жетеді. Мұндай теңсіздік экономика өсімінің қоғамға теңдей әсер етпеуін көрсетеді», – деп жазады сарапшылар.
Табыс пен шығын құрылымы
Ұлттық статистика бюросының дерегіне сәйкес, 2025 жылдың алғашқы жартысында жан басына шаққандағы орташа номиналды табыс 226 604 теңгені құрады. Бұл өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 9,3%-ға жоғары. Дегенмен мұндай өсім қос таңбалы инфляцияны өтей алмаған. Сондықтан нақты ақшалай табыс 1%-ға төмендеді. 2024 жылдың осы кезеңінде нақты өсім 3,4%-ды құрағанын ескерсек, динамикадағы өзгеріс айтарлықтай теріс қалыптасқан.
«Халық шығынының құрылымына назар аударсақ, үй шаруашылықтарының жартысынан астамы өз қаражатын азық-түлікке жұмсайды. Бұл – дамушы елдерге тән көрініс, әрі сатып алу қабілетінің әлсіреуін айқын көрсетеді», деп жазады сарапшы.
Қалған шығындар қысқарып барады, халық табыстың жетіспеуін жинағын азайту және несиелерді көбейту арқылы жабуға мәжбүр. Мұндай үрдіс қысқа мерзімде тұтынуды қолдағанымен, ұзақ мерзімде қарыз жүктемесін арттырып, қаржылық тұрақтылыққа қатер төндіреді.
2024 жылы халық табысының нақты өсімі 3,5–4% аралығында болған. Ал 2025 жылы жағдай керісінше өрбіді: экономиканың жоғары қарқынына қарамастан, табыс теріс аймаққа өтті. Бұл – экономикалық өсімнің сапасына қатысты сұрақ тудырады. ЖІӨ өсімі көбіне шикізат секторы мен инвестициялық белсенділікке байланысты болғанымен, ол халықтың күнделікті өміріне жеткілікті әсер ете алмай отыр. Экономикалық өсімнің халыққа трансмиссиясы әлсіз болғандықтан, табыстар мен тұрмыс деңгейі бойынша айырмашылықтар тереңдеп барады.
Ұлттық банк төрағасы Тимур Сүлейменов ақпанда-ақ тұтынушылық несиеге қойылған шектеулер күткен нәтиже бермегенін мойындаған еді. Ол кезде де несие көлемінің артуы халықтың шын мәнінде табыс тапшылығын бастан кешіп отырғанын аңғартатынын айтқан.
Соған қарамастан, Ұлттық банк пен Қаржы нарығын реттеу агенттігі (ҚНРДА) тұтынушылық несиені шектеуге бағытталған жаңа қадамдарды жиі жариялап келеді.
Бұның себебі – Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың тікелей тапсырмасы. Ол бұл мәселені «саяси тұрғыдан маңызды» деп атап, несие ала алмайтындардың қатары көбейсе, жағдай ушығатынын, ал банктегі қаржының нақты экономикаға бағытталуы қажет екенін айтқан.
Қазіргі жоғары мөлшерлемемен бизнес үшін несие алу тиімсіз, ал халық болса табысы жетпегендіктен кез келген пайызға несие алуға дайын. Нәтижесінде, бұл құбылыс инфляцияны үдетіп барады. Осы себепті қазір тіпті тауарды бөліп төлеу жүйесін де (банк пайызын жасырын қамтитын) шектеу мәселесі қозғалып отыр.