Мәсімов пен Бишімбаевқа түрмеде ерекше жағдай жасала ма – ІІМ жауап берді

Жарияланды
General News бөлімінің аға тілшісі
Мәсімов пен Бишімбаевқа түрмеде ерекше жағдай жасала ма / Коллаж: kursiv.media, бильд-редактор: Ахтам Зиперов

ІІМ орынбасары Санжар Әділов Қуандық Бишімбаев пен ҰҚК-нің бұрынғы басшысы Кәрім Мәсімовке түрмеде ерекше жағдай жасалып жатыр деген қауесетті жоққа шығарды.

Оның айтуынша, бұл жалған ақпарат.

«Олар жазасын заң талаптарына сәйкес өтеп жатыр», – деді Әділов журналистке берген сұхбатында.

Журналистер кезінде лауазымды қызметтер атқарып, істі болғандарға қандай да бір жеңілдіктер жасала ма деп сұрады. Әділов заң барлығына ортақ, ондай тұлғаларға артықшылықтар болмайды деп сендірді.

Еске салайық Қуандық Бишімбаев 2024 жылдың мамырында азаматтық некедегі жары Салтанат Нүкенованы ерекше қатыгездікпен өлтіргені үшін 24 жылға сотталған болатын.

Сот оны жүйелі түрде азаптап, аса қатыгездікпен кісі өлтірді деп таныды. Іс қоғамда үлкен резонанс тудырып, сот процесі алқабилердің қатысуымен тікелей эфирде көрсетілді.

Ал Кәрім Мәсімов 2022 жылғы Қаңтар оқиғасы кезінде ұсталған. Сот оны мемлекетке опасыздық жасады, билікті басып алуға талпынды және өкілеттігін асыра пайдаланды деп айыптап, 18 жылға бас бостандығынан айырды. Оған қатысты қылмыстық іс «өте құпия» өтті. Апелляция үкімді өзгеріссіз қалдырды.

2024 жылы Мәсімов рақымшылық жасау туралы өтініш білдірген, бірақ Қасым-Жомарт Тоқаев оның өтінішін қанағаттандырмады.

Сондай-ақ оқыңыз