Қостанайда дәрігерді ұрған ер адам әрекеті үшін 2 млн теңге төлегісі келеді

Қостанай облысы ауруханасында дәрігерді соққыға жыққан Абылайхан Саринжеповке қатысты сот басталды.
Оқиға 2025 жылдың шілдесінде болған. Хирург операциядан кейін басқа науқастарды қабылдауға кіріскен. Сол уақытта кезекте тұрғандардың бірі дәрігерді ұрған. Салдарынан 34 жастағы дәрігер Антон Кистанов есінен танып, жансақтау бөліміне түскен.
«31» арнаның хабарлауынша, сотталушы кінәсін мойындайтынын, істеген әрекетіне өкінетінін айтқан. Мұндай әрекетке баруына ауырсыну, кезекте ұзақ уақыт тұру және дәрігердің дөрекілігі түрткі болған.
«Қалай ұрғанымды білмей қалдым, болған жағдайды өзім де түсінбей қалдым», – деген сотталушы Саринжепов.
Сотта Абылайхан Саринжеповтің бұған дейін де сотты болғаны айтылды. Ол ұрлық жасағаны үшін шартты жазаға кесілген, жүргізуші куәлігінсіз көлік жүргізгені үшін қоғамдық жұмысқа тартылған. Енді денсаулыққа абайсызда зиян келтіргені үшін бір жылға дейінгі мерзімге сотталуы мүмкін.
Сотталушы дәрігермен татуласуға, 2 млн теңге моральдық шығынды төлеуге дайын. Алайда жәбірленуші тараптың бұған келісіп-келіспейтіні әлі белгісіз.
Айта кетейік, осы жағдайдан кейін Мәжіліс депутаты Гүлдара Нұрым кейінгі 5 жылда дәрігерлерге 170 рет шабуыл жасалғанын айтып, дәрігердің құқын заң негізінде қорғауды ұсынды.