Ұлттық валюта бір айда 10 теңгеге құнсызданды: жыл соңына дейін доллар қымбаттай ма

Жарияланды
Business News бөлімінің редакторы
Фото: kursiv.media, бильд-редактор Ахтам Зиперов

Қыркүйек айында теңге долларға қатысты 10 теңгеден аса әлсіреп, 538,6-дан 549,07 теңгеге жетті. Бұл – 2025 жылғы ең жоғарғы көрсеткіш. Алайда сарапшылар мұндай құбылыс экономиканың іргелі факторларымен емес, нарықтағы уақытша сұраныспен байланысты екенін атап өтеді.

Halyk Finance сарапшыларының пікірінше, қыркүйекте теңгенің құнсыздануына негізінен инфрақұрылымдық жобаларға шетелдік валюта қажеттігі себеп болған. Бұл кезде доллар тапшылығы байқалғанымен, жағдай теңгенің ұзақ мерзімді тұрақтылығына қатты әсер ете қойған жоқ. Сарапшылар жыл соңына арналған болжамын өзгеріссіз қалдырып отыр: 1 доллар үшін 550–560 теңге деңгейінде.

Ал қазан айында теңгені қолдауға бірнеше фактор ықпал етеді. Біріншіден, доллар ұсынысы өседі, екіншіден, мемлекеттік шығын қысқарады. Ұлттық банк қазан айында валюта нарығында 1,448–1,548 млрд доллар сатады деп күтілуде. Бұл – биылғы ең жоғары көлемдердің бірі. 2 қазан күнді саудада доллар 546,8 теңгеден сатылып жатыр.

Бұған дейін шілде айында теңге күрт әлсіреген кезде де реттеуші 1,339 млрд доллар көлемінде интервенция жүргізген.

Сарапшылардың пікірінше, сыртқы жағдайлар да теңге үшін қолайлы болып отыр. Мұнай бағасы 67,5 доллар деңгейінде сақталды, экспорт көлемі артып келеді, ал АҚШ долларының индексі төмен деңгейде.

Сондықтан теңгенің әлсіреуіне негіз болатын сыртқы қатерлер жоқ. Негізгі сұраныс – мемлекеттік жобаларды жүзеге асыру үшін импорттық тауарларға қажет валютадан туындайды.

Жыл соңына дейін мемлекеттік шығын қысқартылмақ. Ұлттық қордан бекітілген 5,25 трлн теңгенің сегіз айда 3,83 трлн теңгесі игерілді. Қалған айларда ай сайынғы шығындарды 355 млрд теңгеге дейін төмендету қажет болады. Бұл – қазіргі деңгейден шамамен 25% аз. Мұндай қадам валютаға деген сұранысты да, ұсынысты да азайтады.

Бұған дейін Ұлттық банк төрағасы Тимур Сүлейменов АҚШ валютасының құны қанша болатынын айтқан.

Сондай-ақ оқыңыз