Президент ЖИ-дің сын-қатері де аз болмайтынын ескертті

Мемлекет басшысы озық технологияларды қолдану пайдалы және тиімді болғанымен, оның сын-қатері де аз еместігін айтты. Сол себепті ЖИ пайдалану үшін тиісті заңнамалық негіз қалыптастыру қажет.
Қасым-Жомарт Тоқаев атап өткендей, елдегі ұлттық компаниялар, отандық кәсіпорындар инновациялық жобаларды белсенді түрде қолдануы керек. Өйткені озық технология дәуірінде түбегейлі өзгеріске дайын болу өте маңызды. Онсыз даму болмайтынын жеткізді.
«Тағы бір мәселе. Озық технологияларды қолдану, бір жағынан, пайдалы және тиімді болғанымен, екінші жағынан, сын-қатері де аз емес. Сондықтан Жасанды интеллектіні пайдалану үшін тиісті заңнамалық негіз қалыптастыру – аса өзекті міндет. Бұл бағытта біраз жұмыс істелді, әлі де істеліп жатыр«, — деді Президент Digital Bridge 2025 халықаралық технологиялық форумында.
Президент осы саладағы негізгі құжат – Цифрлық кодексті жедел қабылдау үшін нақты шаралар жасалып жатқанына да айтты. Кодексте экономика, білім беру, денсаулық сақтау және мемлекеттік басқару салаларын жаппай цифрландыру жүйесі айқындалатын болады.
«Жалпы, Цифрлық Кодексті асығыс қабылдай салуға болмайды, бұл – шын мәнінде жауапты, күрделі жұмыс. Сол себепті Парламентте сарапшылардың, құзырлы мекеме өкілдерінің қатысуымен жасанды интеллектіні дамыту мәселесі бойынша арнайы тыңдаулар өткізілді. Бір апта бұрын Мәжіліс «Жасанды интеллект туралы» Заңды екінші оқылымда қабылдады. Расында, бұл уақтылы қабылданған заң болды. Шетел мамандары да мұны еліміздің тұрақты цифрлық экожүйесін құру жолындағы маңызды қадам деп бағалап, жақсы пікір айтуда«, — деп толықтырды Мемлекет басшысы.
Айта кетейік Астанада Digital Bridge 2025 халықаралық технологиялық форумы өтіп жатыр. Жиынға Қазақстанға ресми сапармен келген Мажарстан Президенті Тамаш Шуйок қатысып отыр.
Спикерлердің қатарында Telegram негізін қалаушы және бас атқарушы директоры Павел Дуров, Sinovation Ventures және 01ai бас директоры Ли Кай Фу, Стэнфорд университетінің ғылыми қызметкері, Google сарапшысы Питер Норвиг, G42 International компаниясының бас директоры Мансур Ибрагим Әл Мансури, Стэнфорд университетінің профессоры Илья Стербулаев және high-tech индустриясының басқа да өкілдері бар.