Telegram негізін қалаушы Павел Дуров Қазақстанда ЖИ зертханасын ашты

Жарияланды
General News бөлімінің аға тілшісі
Фото: kursiv.media архиві

Telegram негізін қалаушы Павел Дуров Астанада жасанды интеллект зертханасын ашқанын жариялады.

«Бір жыл бұрын біз алғашқы аймақтық кеңсемізді Қазақстанда ашқан едік. Қазір сол жұмыстың нәтижесін көріп отырғанымызға қуаныштымыз. Бүгін осы Alem.AI ғимаратында жасанды интеллект зертханасының ашылғанын ресми түрде жариялағаныма мақтанамын. Алғашқы жоба – Telegram мен Қазақстанның суперкомпьютерлік кластері арасындағы бірлескен жоба болады. Бұл жобаны Қазақстандағы Жасанды интеллект министрлігі іске қосады», – деді ол Астанада өткен Digital Bridge форумында.

Оның айтуынша, соңғы бірнеше айда Telegram блокчейн мен жасанды интеллекті біріктіретін жаңа технологиямен жұмыс істеп жатыр. Бұл технология 1 миллиардтан астам адамға ЖИ функцияларын қолдануға мүмкіндік береді. Мұндай функциялар деорталықтанырылған компьютерлік жүйе арқылы жеке әрі ашық түрде жүзеге асады.

«Telegram қосымшасы арқылы 1 миллиардтан астам пайдаланушы бұл технологияны алғаш болып пайдалана алады. Қазақстанның суперкомпьютерлік кластері осы жүйенің басты қуат көзіне айналады. Бұл жерде үш негізгі қағида бар: ашықтық, энергия мен тиімділік. Барлығы блокчейн, нарық еркіндігі және құпиялық негізінде іске асады. Біз мұны арнайы чиптерді шығару арқылы жүзеге асыра аламыз», – деді Павел Дуров.

Павел Дуров Қазақстандағы Telegram қолданушыларының санын арттыруға және ЖИ-мен жұмыс істеуге арналған жаңа бастамалар туралы да айтты.

Оның айтуынша, Telegram арнайы чиптерді қолдану арқылы жасанды интеллектің жұмысын аппараттық және өндірушілік деңгейде тиімді орындауға мүмкіндік алған. Бұл чиптер ЖИ технологияларын анағұрлым қолжетімді, сенімді және жекелік тұрғыдан қауіпсіз етуге көмектеседі.

«Біз Telegram, дата-орталықтар мен телекоммуникациялық жүйелер арасындағы байланыс мүмкіндігін күшейттік. Бұл Қазақстандағы 12 млн қолданушыға арналған жылдамдықты арттырып, қамтуды кеңейтуге мүмкіндік берді. Бұл – алғашқы қадам. Алда бұдан да үлкен қадамдар жасаймыз. Бірлесе отырып, біз миллиардтаған адамға жасанды интеллекті ашық, тиімді және құпия түрде қолдануға жол ашамыз», – деді Дуров.

Оның айтуынша, жасанды интеллект қоғам құрылымын түбегейлі өзгертуі мүмкін. Бұл технология көптеген мәселелер мен сын-қатерлер тудырса да, сол қиындықтардың шешімін де ЖИ-дің өзі ұсына алады.

«Жасанды интеллектіге екі түрлі көзқарас бар: бірі – үреймен, екіншісі – сеніммен қарау. Мен бизнестің көшбасшыларымен, үкімет өкілдерімен, университеттермен, соның ішінде қазақстандықтармен сөйлескенде, Қазақстан бұл технологияға үмітпен, әрі зор сеніммен қарап отырғанын байқаймын», – деді ол.

Айта кетейік Астанада Digital Bridge 2025 халықаралық технологиялық форумы өтіп жатыр. Жиынға Қазақстанға ресми сапармен келген Мажарстан Президенті Тамаш Шуйок қатысып отыр.

Спикерлердің қатарында Telegram негізін қалаушы және бас атқарушы директоры Павел Дуров, Sinovation Ventures және 01ai бас директоры Ли Кай Фу, Стэнфорд университетінің ғылыми қызметкері, Google сарапшысы Питер Норвиг, G42 International компаниясының бас директоры Мансур Ибрагим Әл Мансури, Стэнфорд университетінің профессоры Илья Стербулаев және high-tech индустриясының басқа да өкілдері бар. 

Сондай-ақ оқыңыз