Қазақстан 2025 жылы Германияға 1,7 млн тонна мұнай жеткізеді

2025 жылы Қазақстан Германияға «Достық» мұнай құбыры арқылы 1,7 млн тонна мұнай жеткізуді жоспарлап отыр. Бұл туралы «ҚазМұнайГаз» басшысы Асхат Хасенов мәлімдеді.
Ұлттық компания басшысының айтуынша, 2026 жылы да Германияға одан кем емес қазақ мұнайы тасылады.
«Қазақстан жыл аяғына дейін Германияға «Достық» мұнай құбыры арқылы 1,7 млн тонна мұнай жеткізеді», – деді Хасенов еуразиялық KAZENERGY форумында.
Топ-менеджерінің мәліметінше, Қазақстан былтыр Германияға 1,5 млн тонна жеткізген. 2026 жылдың көлемі ресми түрде жарияланады, бірақ ол қазіргіден кем болмауы керек.
Бұған дейін ҚМГ Еуропадағы осы елге биыл 1,5 млн тонна мұнай жеткізу жоспарланғанын хабарлаған. Кейін оның көлемін 2 млн тоннаға дейін арттыра алатыны туралы мәлімет таратқан. Алмасадам Сәтқалиев те энергетика министрі болып тұрған уақытта солай деген.
Көздеген мақсаттың неге жүзеге аспай қалғаны әзірге белгісіз. Осының алдында «Достық» мұнай құбыры украин шабуылына байланысты бірнеше мәрте тоқтап қалғаны мәлім.
«Достық» және Қазақстан мүддесі
Құбыр КСРО кезінде салынған. Оның оңтүстік тармағы Венгрия, Словакия және Чехия, солтүстік тармағы Польша мен Германияға тартылған. Құбыр Украина аумағы арқылы да өтеді.
Қазақстан да осы құбырдың тоқтаусыз жұмыс істеп тұрғанына мүдделі. Себебі қазақ мұнайы Еуропаның кей еліне осы құбыр арқылы тасымалданады.
Reuters мәліметінше, Германия 2024 жылы «Достық» құбыры арқылы Қазақстаннан 1,5 млн тонна мұнай сатып алған.
Жыл басында қазақ мұнайы тасылатын Каспий құбыр желісі консорциумына (КҚК) жеті бірдей дрон шабуылдаған. Соның салдарынан Ресей аумағындағы бір мұнай айдау станциясы екі ай істен шығып қалған.