Alem.AI – Қазақстандағы тұңғыш жасанды интеллект орталығынан фоторепортаж

Бүгін Тоқаев Астанада Alem.AI жұмысын бастайтынын жариялады. Ол – Қазақстандағы тұңғыш жасанды орталық. Жаңа орын үшін осы жылы жазда ЭКСПО-ның «Нұр Әлем» атты ғимаратын жауып тастап, жөндеу жұмысын жүргізді. Енді 2 қазанда Alem.AI ретінде есігін қайта ашты. Kursiv.Media ел тарихындағы алғашқы жасанды интеллект орталығынан фоторепораж ұсынады.
«Нұр Әлем» павильоны – Орталық Азиядағы шар іспетті, ең күрделі құрылымдағы ғимарат деп саналады. Оның жобасымен айналысқан америкалық мамандар бұған дейін Дубайдағы ең биік Бурдж-Халифа мұнарасын жасаған.

«Alem-AI үшін бұл ғимаратты таңдап алу бекер емес. Ол өзі де күрделі, гибридті, бірнеше қызметті қатар атқаратын орталық. Бұл жерде қоғамдық жиындар өтеді, білім беру ұйымдары да болады. Жоғары жағында ірі компаниялар кеңсесі орналасады. Павел Дуровтың зертханасы, Google, Tik-Tok компаниясы да орналасады», – деп таныстырды «Сила света» компаниясының креатив директоры Борис Кислицин.
Журналистерге орталықтың тек бірінші қабатын ғана таныстырды. Әзірге өзге қабаттарда жұмыс басталмаған, толық орналасып бітпеген.

Бірінші қабатта қоғамдық кеңістік орналасқан, көпшілік үшін түрлі шаралар, кездесулер өтеді. Мұнда әлемдік шеберлердің қолынан шыққан мәдени нысандар да бар.


Ғимараттың екінші және үшінші қабатында Креативті технология мектебі орналасады. TUMO деп аталатын білім ошағында жылына 12-16 жас аралығындағы 5 мың баланы тегін оқытады деген жоспар бар. Оқу 12 бағытта жүреді. Балалар бағдарламалау, motion-дизайн, 3D дизайн, анимация, ЖИ зерттеу тәрізді түрлі бағытта білім алады. Курстар қосымша үйірмелер тәрізді ойластырылған. Оқушылар сабақтан кейін немесе мектепке дейін келіп қатыса алады.


Ал төртінші-бесінші қабатта Tomorrow school орналасқан. Tomorrow – Астана Хаб базасында орналасқан ЖИ мектебі. Ең басты айырмашылығы – мұнда мұғалімдер жоқ, студенттер бір-бірін оқытады. Tomorrow school-да да оқу тегін, 18 жастан асқан кез келген ересек түсе алады. Тіпті IT саласынан хабары жоқ адам да оқи алады, тек арнайы сынақтан өту қажет. Қазір мектепке қабылдану жүріп жатыр, тіркелу 9 қазанға дейін жалғасады.

Алтыншы қабатта стартап кампустар, жетінші қабатта Big tech компаниялардың кеңсесі орналасады. Қазір мұнда Yandex, Telegram кеңселері бар, тағы бірнеше офис ашылуы керек.
Жетінші қабатта – Жағдаяттық орталық орналасады. Ол орталық үкімет алдында тұрған түрлі мәселелерді зерттеп, талдап, шешімін ұсынуы тиіс.

Тұңғыш ЖИ-фильмдер кинотеатры
Жасанды интеллект орталығындағы ерекше орынның бірі – ЖИ фильмдер кинотеатры. Яғни тек жасанды интеллектпен жасалған фильмдер көрсетіледі. Болашақта ЖИ фильмдер фестивалін өткізу жоспар да бар екен.


«Тек үш елде ғана видеоны киноға айналдыруға болатын платформа бар. Олар АҚШ, Қытай және Қазақстан», – дейді Борис Кислицин
Бұл қатарға кіруге мүмкіндік берген – Higgsfield AI стартабы. Ол арқылы әртүрлі форматтағы видеолар жасауға болады, арнайы киноэффект те бар. Стартап – Astana Hub резиденті. Жақында ғана құны 1 млрд долларға бағаланып, тұңғыш қазақстандық unicorn стартап атанды.

Alem.AI-ды Тоқаевтың цифрлы елге айналамыз деген мақсатының жолындағы ең үлкен жобасы деуге болады.
««Alem.ai» жасанды интеллектіні барынша тиімді әрі этикалық нормаларға сай қолданатын жаһандық орталық болуға тиіс«, – деген еді ол форумдағы сөзінде.
Әзірге, әдемі атау, әдемі ғимарат бар. Оның миллиардтаған қаржы құйған EXPO жобасына қарағанда қаншалықты тиімді болатынын уақыт көрсетеді.