Шымкентте пара алған тергеушіге сот үкімі шықты

Шымкентте пара алған тергеушіге сот үкімі шықты. Ол қылмыстық іс бойынша қорғалуға құқығы бар адамнан 600 мың теңге алып жатқан жерінен ұсталған. Сотталушы кінәсін мойындаған.
Шымкент қаласының қылмыстық істер жөніндегі ауданаралық соты 25 жастағы полиция қызметкеріне үкім шығарды. Айыпталушы Қылмыстық кодекстің «Алаяқтық» бабымен кінәлі деп танылды.
«Тойлыбай Айзат Бауыржанұлы Қылмыстық кодекстің 24-бабы 3-бөлігі, 190-бабы 3- бөлігі 2-тармағымен қылмыстық құқық бұзушылықты жасағаны бойынша кінәлі деп танылсын. Оған мемлекеттік қызметте лауазымдарды атқару құқығынан өмір бойына айыра отырып, 2 жыл 7 ай 15 күнге бас бостандығынан айыру, жазасын қылмыстық атқару жүйесінің орташа қауіпсіз мекемелерінде өтеу тағайындалсын»,– делінген сот кабинеті жүйесінде жарияланған сот үкімінде.
Сот үкіміне қарағанда, сотталушы Еңбекші аудандық полиция басқармасында 2 жыл тергеуші болып жұмыс істеген. Өткен жылдың маусым айында тергеудегі қылмыстық іс бойынша қорғалуға құқығы бар адамды қылмыстық жауапкершілікке тартпауға, істі сотқа жібермеуге көмектесетінін айтып одан 600 мың теңге алып жатқан жерінен ұсталған. Қызмет бабын пайдаланған оны өзіндік қауіпсіздік қызметкерлері құрықтаған.
«Куәнің сотталушы Айзат Тойлыбайдың заңсыз әрекеті туралы арызы негізінде оған хаттамамен арнайы құралдар беріліп және қайта алынып, соңғымен ұсынылған 200 мың теңге химиялық өңдеуден өткізіліп, қосымша 400 мың теңге муляж ақша берілген. Оқиға орнын қарап текеру туралы хаттамаға сай, сотталушының иығына асынған қара түсті сөмкесінен муляж ақша алынып, Айзат Тойлыбай өзінің бұл ақша қаражаттарын куәден алғанын көрсеткен», – делінген сот үкімінде.
Сотталушы кінәсін толық мойындаған және шынайы өкінетінін айтқан. Соттан өзіне айыппұл түрінде жаза белгілеуді сұраған. Оның үкімге келісетіні, не келіспейтіні, апелляциялық шағым түсіретіні не түсірмейтіні белгісіз.