Қазақстан 2026 жылы 90 млн тонна мұнай өндіреді – Энергетика министрі

Энергетика министрі Ерлан Ақкенженов 2026 жылы Қазақстан 90 млн тонна мұнай өндіреді десе, «ҚазМұнайГаз» төрағасы Асхат Хасенов ұзақ мерзімде ел қара алтын өндірісін жылына 100 млн тоннаға жеткізетініне сенімді.
Хасенов: Қазақстан 100 млн тоннадан жоғары мұнай өндіреді
«ҚазМұнайГаз» ұлттық компаниясының («Самұрық-Қазына» қорының еншілесі) басқарма төрағасы Асхат Хасенов мұнай өндірісі ұзақ мерзімді перспективада жылына 100 млн тоннадан жоғары деңгейде тұрақтайтынын мәлімдеді.
«Қазастан үкіметінің қолдауымен мұнай өндіру көлемі 100 млн тоннадан асатын деңгейде сақталады. Сонымен қатар жаңа геологиялық мүмкіндіктерді игеру бағытында жұмыстар жалғасады», – деді Хасенов Kazakhstan Energy Week-2025 форумында.
Оның айтуынша, қазіргі уақытта «ҚазМұнайГаз» 13 барлау жобасын жүзеге асырып жатыр. Компания мұнай өңдеу саласын да дамытуға басымдық бермек. Бұл ішкі нарықты бензин, дизель отыны және басқа да мұнай өнімдерімен тұрақты қамтамасыз ету үшін қажет.
Аккенженов: 2026 жылғы өндіріс 90 млн тоннаны құрайды
Алайда Энергетика министрі Ерлан Ақкенженов Қазақстанның 2026 жылғы мұнай өндіру болжамын жария етті.
«Менің ойымша, келесі жылы өндіріс көлемі шамамен 90 млн тоннадан кем болмайды», – деді министр журналистерге берген жауабында.
Ақкенженов нақты болжам жасау үшін Қарашығанақ, Қашаған және Теңіз кен орындарындағы күрделі жөндеу жұмыстарының кестесін ескеру қажеттігін атап өтті. Бұл кен орындары елдегі өндіріс көлеміне айтарлықтай әсер етеді.
2024 жылы Қазақстанда 87,7 млн тонна мұнай өндірілді. Биыл 96,2 млн тонна өндіріледі деп күтіліп отыр.
Оған қоса, Қазақстан бұған дейін артық өндірген мұнайды 2026 жылы қысқартуы керек. Қазірдің өзінде ел 2,9 млн тонна мұнайды артық өндіріп қойған.