
Тұтыну бағасының индексі бір айда 1,1%-ға, ал жылдық көрсеткіші 12,9%-ға дейін өсті. Қазақстан қаржыгерлер қауымдастығы инфляция артқан сайын Ұлттық банк (ҰБ) ақша-несие саясатын қатайта беретінін ескертті.
1 қазанда өткен айдың тауар мен қызмет бағасына қатысты мәлімет жарияланды. Тұтыну бағасының индексі қыркүйекте 1,1%-ға, ал бір жылдағы бағасы көрсеткіші 12,9%-ға дейін өскен. Тамыз айында мұндай жылдық көрсеткіш 12,2% еді. Осылайша, теңге активтерінің тартымдылығы төмендеді.
Қауымдастық Қазақстанда инфляция артқан сайын қаржы нарығын қадағалаушы басты мекеме – Ұлттық банк ақша-несие саясатын қатайта беретінін ескертіп өтті.
Қаржы нарығында сауда 396,5 млрд теңге (-191 млрд) болды. Бұл уақытта Ұлттық банктің депозитті аукционында сұраныс 1,3 трлн теңгеге дейін (+441 млрд) артып, жылдық мөлшерлеме 16,5% болды.
Қазақстан қор биржасының (KASE) индексі бейсенбідегі сауда нәтижесінде 7 212,1 межесіне дейін көтерілді (+0,9%). Қазатомпром (+3,5%), Халық Банк (+2,6%), Air Astana (+1,2%) және ҚазМұнайГаз (+1,2%) акциялары өсті. Қазақстандағы ең ірі банктің құнды қағаздарының қымбаттауына өзінің Ғаламдық депозит куәлігін 50 млн долларға сатып алуы себеп болды. Содан кейін банктің Лондон биржасында саудаланатын акциялары 2,2%-ға көтерілді. Дегенмен Kaspi (-1,6%) құнды қағаздарының арзандауы индекстің жалпы мөлшеріне кері әсер етті.