Трамптың өтінішіне қарамастан Түркия Ресей газынан бас тартпайды

Дональд Трамптың өтінішіне қарамастан Түркия Ресей газын алуды жалғастыра береді. Елдің энергетика министрі Альпарслан Байрактар осылай деп мәлімдеді.
«Біз азаматтарымызға: «Газ бітті» деп айта алмаймыз. Энергиямен қамтудың қауіпсіздігіне нұқсан келтірмей, бұл ресурстарға қол жеткізуіміз қажет. (…) Біз Ресейден, Әзербайжаннан және Түрікменстаннан қолжетімді газды сатып алуымыз керек. Сонымен қатар Қара теңізде де газ өндіруді жалғастырып жатырмыз», – деді Байрактар CNN Turk телеарнасына берген сұхбатында.
Министр қыс маусымы жақындап келе жатқанын, Ресеймен газ жеткізу келісімдері әлі де күшінде екенін атап өтті.
Еске салсақ, Ресей мен Түркия 2016 жылдың 10 қазанында «Түрік ағыны» газ құбыры жобасы бойынша келісімге қол қойған. Ол Қара теңіз арқылы Краснодар өлкесінің Анапа ауданынан газ жеткізеді.
АҚШ президенті Дональд Трамп 25 қыркүйекте Түркия басшысы Режеп Тайып Ердоғанмен кездесуінде Ресейден көгілдір отын алуды тоқтата тұру жайлы өтініш жасаған. Сол арқылы Украинадағы соғысты тоқтату үшін Ресейге қысым жасамақшы.