Атырауда камуфляж киген ер адам жедел жәрдем көлігінде төбелес шығарды – видео

Атырауда ер адам жедел жәрдем көлігінде өзін видеоға түсіргені үшін төбелес шығарды. Үстіне камуфляж киген ер адам мас күйінде көлік жүргізген.
Оқиға видеосы тарады
Оқиға 2 қазан кешке Балықшы шағын ауданында болған. Тұрғындар Toyota Highlander көлігінде ес-түссіз жатқан екі ер адамды байқаған. Олар дереу жедел жәрдем мен полиция шақырған.
Артынша екеуінің қатты мас екені анықталды. Бірін полиция алып кетті, екінші ер адам аяғын жарақаттаған. Сол себепті оны жедел жәрдем алып кеткен. Алайда ол көлік ішінде төбелес шығарған. Оқиғаның қалай болғаны әлеуметтік желіде тарап кетті.
Полиция мәлімдемесі
Ресми ақпаратқа сәйкес, көлік рөлінде Атырау тұрғыны болған. Медициналық сараптама оның мас екенін растады. Сондай-ақ бұрын жүргізуші куәлігінен айырылған.
«Құқық бұзушыға қатысты қылмыстық кодекстің 346-бабы – «Көлік басқару құқығынан айырылған адамның оны басқаруы» бойынша қылмыстық іс қозғалды», – деп хабарлады полиция.
Көліктегі екі ер адам камуфляж кигендіктен, көпшілік оларды құқық қорғау органдарының қызметкері болуы мүмкін деп топшылаған. Алайда олар полиция киімін заңсыз киіп жүрген.
«Бұл дерек бойынша әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекстің 675-бабы – «Айырым белгілері және (немесе) әскери форма символикасы бар киімді, сондай-ақ формалық киімді және арнайы киім-кешекті заңсыз кию (пайдалану)» бойынша әкімшілік хаттама толтырылып жатыр», – деп хабарлады полиция.
Барлық материал жиналып, сотқа жолданады.