Қайрат Рысқұлбековтің денесі қалай екі рет жерленді?

Қайрат Рысқұлбековтің денесі екі мәрте жерленген. Бұл туралы қоғам белсендісі, ақын Жұмаш Кенебай айтып берді.
Ara media таратқан ақпаратқа қарағанда, желтоқсан құрбаны болған жас жігіттің сүйегін «Азат» қозғалысының белсенділері айдалаға көмген жерінен тауып алып, мұсылман зиратына арулап қайта жерлеген.
Қайрат Рысқұлбековке жала жабылған
Сәл шегініс жасасақ, Желтоқсан оқиғасынан соң, жазықсыз ату жазасына кесілген Қайрат Рысқұлбековке қатысты шет мемлекеттердің басшылары, қоғам қайраткерлері мен халықаралық құқық қорғау ұйымдары КСРО басшысы Михаил Горбачевке үндеу жариялайды.
Содан кейін оған қатысты ату жазасы үкімін өзгертіп, 20 жылға бас бостандығынан айыруға ауыстырады.
Бұл жайт та Қайраттың өмірін сақтап қала алмады. Қамауда отырып, жұмбақ жағдайда қаза болды. Семей түрмесінің қызметкерлері Қайрат Рысқұлбековтің мәйітін белгісіз жерге көміп тастағаны белгілі болды.
Абақты басшысы
Оның денесін қайта жерлеуге ақын және қоғам белсендісі Жұмаш Кенебай қатысқан.
«Ол кезде мен Семейде болдым. «Азат» қозғалысын құрған болатынбыз. Қозғалыстың Семей бөлімшесінің жұмысын тексеруге барған едім. Сол жерде «Қайрат Рысқұлбековті өлтіріп, қаланың шетіне көміп тастапты» дегенді естідім. «Оны сендерге кім айтты» деп сұрадым. Сол кездегі абақтының басшысы қазақ екен», – деді Жұмаш Кенебай.
Оның сөзіне қарағанда, абақты басшысы оның қайда жерленгенін айтып берген. Жұмаш Кенебай бес-алты адаммен бірге түнделетіп, Қайрат Рысқұлбеков жерленген жерге барған.
Мұсылман зиратына қалай қойылды?
«Абай» ауылына шығатын жолда Семей қаласынан 20-30 шақырым жерде төмпешік жатыр. Апақ-сапақ. Көрсетуге болмайды. Төмпешікті қаздырып, сүйегін алып шықтық. Қайраттың денесін бір түн бір жігіттің үйінде түнетіп, ертеңіне мұсылмандар зиратына қойдық», – деді ақын Жұмаш Кенебай.
Ақынның пікірінше, Қайрат Рысқұлбековтің қалай қаза болғаны әлі белгісіз. Біреулер әдейі өлтірді десе, біреулер өзі асылып өлді деген.
«Бұл жерде ешқандай шындық жоқ. Көзімен көрмегеннен кейін, ешкім ештеңе айта алмайды. Қайрат Рысқұлбеков жалындап тұрған жас бала болды. Бостан-босқа күйіп кеткен бала еді. Абақтыға түскеннен кейін шыңдалған шығар. Мінез пайда болған шығар. Шынымен батыр ма, жоқ әлде, заманның өзі соған әкелді ме, білмеймін», – деді Жұмаш Кенебай.
Желтоқсан оқиғасы кезінде 100-ден аса адам сотталып, 264 студент оқудан шығарылған.
Сондай-ақ, осы оқиғаның болуына бірден-бір себепкердің кім екенін жазған едік.