Wildberries менеджерлері ондаған миллион теңгенің тауарын ұрлаған

Wildberries менеджерлері бағдарламадағы ақауды пайдаланып, Ақтөбе қаласында өзгенің тауарларын тегін алып отырған.
«Диапазон» ақпаратына қарағанда, келтірілген шығын көлемі 29 млн теңгеден асып жығылады.
Маркетплейстің өкілінің айтуынша, менеджерлер бағдарламадағы «ақауды» әдейі қолданған. Тауарды сканерлеген кезде жүйе «төлеу және беру» орнына «беру» батырмасын шығарған. Осылайша, өздеріне, таныстарына киім-кешек, аяқ киім, тұрмыстық химия, электроника, тіпті секс-ойыншыққа дейін түрлі заттарды тегін алып отырған.
Мұндай ашық ұрлық 2024 жылдың тамыз айынан қараша айына дейін жалғасқан. Қызметкерлер фейк аккаунттар ашып, сим-карталарды ауыстырып, миллиондаған теңгенің тауарын иемденіп кеткен.
Айыптылар жазасын алды. Сот үкімімен Ботагөз У. мен Сергей К. 4 жылға бас бостандығынан айырылды.
Бір серіктесі 3 жыл 4 айға сотталды. Бірақ ол жүктілігіне байланысты жазаны өтеуді уақытша кейінге қалдырып отыр.
Wildberries өкілі шығынды 29 млн 295 мың теңге деп бағалап, толық өтемақы талап етті.
Мұның алдында алаяқтардың Ozon мен Wildberries-ке жұмысқа шақырып жатқаны туралы жазған едік.