Садыр Жапаров өлім жазасын қайта енгізу мәселесін халық шешетінін мәлімдеді

Садыр Жапаров өлім жазасын қайта енгізу мәселесін халық шешетінін мәлімдеді. Ол мұны басылымдарға берген сұхбатында айтқан.
24 kg ақпаратына қарағанда, Президенттің баспасөз хатшысы Аскат Алагозов мемлекет басшысы Садыр Жапаровтың сұхбатын жариялады.
Айсулуу Мукашеваның өлімі
Онда ол Қырғызстанда өлім жазасын қайтару бастамасына қатысты пікір білдірді.
Талқылауға түрткі болған жағдай – қыркүйек айының соңында 17 жастағы Айсулуу Мукашеваның аса қатігездікпен өлтірілуі. Қоғам әйелдер мен балаларға қарсы қылмыстар үшін жазаны қатаңдатуды талап етті.
Президенттің айтуынша, ол тергеуді жеке бақылауына алып, әкімшілікке заңдарға өзгеріс енгізуге тапсырма берген. Садыр Жапаров кәмелетке толмағандарға және әйелдерге қатысты кісі өлтіру мен зорлау қылмыстарының саны артып келе жатқанын, ал «қарапайым» түрме мерзімі қылмыскерлерді тоқтата алмай отырғанын айтты.
Садыр Жапаров жалғыз шешпейді
Сонымен бірге ол сыбайлас жемқорлық қылмыстарына өлім жазасы қолданылмайтынын, бұл шара тек аса қатыгез кісі өлтірулер мен педофилияға қатысты болатынын ерекше атап өтті.
«Бұл мәселені біз жалғыз шешпейміз. Халықпен кеңесеміз. Мәселе бүкілхалықтық референдумға шығарылуы мүмкін. Егер көпшілік қолдаса, онда Конституция мен заңдарға өзгерістер енгізу, сондай-ақ халықаралық міндеттемелерді қайта қарау қажет болады», – деді Садыр Жапаров.
Президенттің айтуынша, басты басымдық – әйелдер мен балаларды зорлық-зомбылықтан қорғау. Ал мұндай күрделі мәселе бойынша шешімді тек халық қабылдауы тиіс.
Қылмыс статистикасы
2021 жылы – 39 кісі өлтіру (оның ішінде 2 бала, 1 жасөспірім, 36 әйел);
2022 жылы – 43 кісі өлтіру (1 бала, 1 жасөспірім, 41 әйел);
2023 жылы – 25 кісі өлтіру (2 бала, 2 жасөспірім, 21 әйел);
2024 жылы – 43 кісі өлтіру (5 бала, 4 жасөспірім, 34 әйел);
2025 жылдың 8 айында – 28 кісі өлтіру (3 бала, 4 жасөспірім, 21 әйел).
Зорлау фактілері
2021 жыл – 80 жағдай (оның ішінде 21 бала, 47 жасөспірім);
2022 жыл – 70 жағдай;
2023 жыл – 175 жағдай (44 бала, 116 жасөспірім, 15 әйел);
2024 жыл – 107 жағдай;
2025 жылдың 8 айында – 81 жағдай.