Тимур Турлов менеджер ретіндегі ең үлкен жетістігін атады

Жарияланды
General News бөлімінің тілшісі
Тимур Турлов / Аскар Ахметуллин, бильд-редактор: Милош Муратовский
Тимур Турлов / Аскар Ахметуллин, бильд-редактор: Милош Муратовский

Freedom Holding Corp. компаниясының бас директоры Тимур Турлов өзінің менеджер ретіндегі ең үлкен жетістігін атады.

Ол – стартаптарды сатып алу барысында олардың командалары мен негізін қалаушыларын жоғалтпай сақтап қалғаны. Бұл туралы ол 3 қазан күні Астанада өткен Digital Bridge форумында баяндады. Сессия «Орталық Азиядағы венчурлік экожүйедегі стратегиялар: стартаптарды не үшін сатып алу керек» деп аталды.

«Біз өте мықты бірнеше стартапты сатып алдық. Олар нарықта көшбасшылыққа немесе екінші орынға шыққан болатын. Сол стартаптардың командалары мен негізін қалаушыларының басым бөлігін жоғалтпай сақтап қала алдық. Олар біздің холдингтің бір бөлігі болып қалды. Холдинг құрамында олар бұрынғыдан да мықты, әрі әлі де өз бизнестерін жүргізіп, одан да үлкен міндеттерді, соның ішінде интеграциялық жобаларды жүзеге асыра алады», – деді Тимур Турлов.

Тимур Турловтың стартаптарға инвестициялау тәсілі

Тимур Турловтың айтуынша, стартап сатып алу кезінде ол ең алдымен олардың нарықтағы үлесіне және синергиялық мүмкіндіктеріне мән береді. Оның сөзінше, көптеген инвесторлар үшін стартаптар түсініксіз болып көрінеді. Себебі әрдайым нақты нені сатып алып жатқаның және олардың шынайы құнын қалай бағалау керектігі белгісіз болады.

«Нарықтағы үлесті сатып алу – өте тамаша. Біз бірнеше мәміле жасаған кезде саналы түрде осы бағытқа қарадық. Әр сегментте белгілі бір компаниялар өз үлесін алып қойған болатын. Біз сол үлесті сатып алуға тырыстық. Бұл PayBox-пен жасаған мәмілеміз, Ticketon-мен келісіміміз және Aviata-мен мәмілеміз болды», – деп атап өтті Freedom Holding Corp. компаниясының CEO-сы.

PayBox, Ticketon және Aviata-ны интеграциялау

Тимур Турлов PayBox, Ticketon және Aviata компаниялары сатып алынған кезде әбден қалыптасқан бизнес болғанын атап өтті. Олар әлі аса үлкен табыстылыққа жете қоймаса да, өз нарықтарында елеулі ойыншыларға айналған еді.

Оның айтуынша, нарық үлесін ғана емес, сонымен қатар табыс пен пайданы да сатып алуға болады. Бұл кезде компанияның ертеңгі күні немесе одан кейінгі күні қаншалықты әлеуетті табыс әкеле алатынын бағалауға тырысасың.

«Біз әрдайым компанияларда пайда болатын синергияға қарадық. Соңында біз аудиторияны сатып алып жатқанымызды түсіндік. Біз лоялды аудиторияны сатып алдық, ол біздің клиенттерімізге айналуы тиіс», – деп атап өтті Тимур Турлов.

Экожүйелердің өміршеңдігінің басты қағидалары

Digital Bridge форумында Тимур Турлов экожүйелердің өміршеңдігін қамтамасыз ететін негізгі қағидаларға да тоқталды. Оның айтуынша, Freedom Holding Corp.-тың стратегиялық мақсаты – бір-бірін күшейтетін компаниялар мен сервистерден тұратын тұрақты экожүйе құру. Бұл тәсіл тек нарықты дамытуға ғана емес, сонымен қатар клиенттердің сенімін сақтауға мүмкіндік береді.

Тимур Турловтың пікірінше, ішкі командаларды дамыту мен интеграцияға бағытталған ұзақ мерзімді стратегиялар статистика немесе пиар үшін жасалатын қысқа мерзімді венчурлік мәмілелерге қарағанда әлдеқайда тұрақты нәтиже береді.

Freedom Holding Corp: жаһандық құрылым мен миссия

Freedom Holding Corp. (FRHC) – АҚШ-тың Невада штатында тіркелген, бас кеңсесі Алматыда орналасқан қаржылық холдинг. Тимур Турловтың басшылығымен компания АҚШ, Қазақстан, Өзбекстан, Кипр және басқа елдерді қоса алғанда 22 елде жұмыс істейді. Негізгі бағыттары: брокерлік қызметтер, бағалы қағаздармен сауда, инвестициялық банкинг, активтерді басқару, сақтандыру, бөлшек және коммерциялық банк қызметтері.

Компания әлемнің ірі биржаларында сауда жасауға қолжетімділікті қамтамасыз етеді. АҚШ-та (NYSE, NASDAQ), Қазақстанда (KASE, AIX), Еуропада (LSE, Euronext) және басқа да алаңдарда қызмет етеді. Freedom Holding Corp. акциялары NASDAQ-та FRHC тикерімен саудаланады. Ссондай-ақ MSCI және AIX Qazaq Index индекстеріне енгізілген.

Тимур Турлов Freedom SuperApp-тың Қазақстандағы ең жылдам өсіп келе жатқан қосымша екенін айтқан еді.

Сондай-ақ оқыңыз