Салтанат Нүкенова Қазақстан тарихын өзгерткен тұлғаларға теңестірілді

Жарияланды
General News бөлімінің тілшісі
Салтанат Нүкенованың есімі «Амангелді» туристік кешеніндегі мемориалдық тақтаға жазылды/фото: instagram/aitym

Салтанат Нүкенованың есімі «Амангелді» туристік кешеніндегі мемориалдық тақтаға жазылды. Бұрынғы ұлттық экономика министрі Қуандық Бишімбаевтың қолынан қаза тапқан Нүкенова Қазақстан тарихына ықпал еткен тұлғалар қатарына енгізілген.

Бұл туралы марқұмның ағасы Айтбек Амангелді әлеуметтік желідегі парақшасында жазды.

«Амангелді» туристік кешені негізін Қазақ КСР-інің еңбек сіңірген құрылысшысы Сапар Ысқақов қалаған. Онда мемориалды қабырға мен пантеон орналасқан. Дәл осы жерде Салтанат Нүкенованың есімі жазылған тақта орнатылды.

Пантеонда Қазақстан тарихында маңызды рөл атқарған тұлғалардың қатарына Салтанаттың есімі жазылған ескерткіш тақта орнатылды. Бұған дейін Павлодардан әкелінген топырақты пантеонға жіберіп, ол мемориалға капсула түрінде қойылған еді. Ол жерде Салтанатты Қазақстан тарихына әсер еткен тұлғалардың қатарына қосқан», – деп жазды Амангелді.

2024 жылдың 13 мамырында бұрынғы Ұлттық экономика министрі Қуандық Бишімбаев пен оның туысы Бақытжан Байжановқа қатысты сот үкімі шықты. Бишімбаев түпкілікті 24 жылға бас бостандығынан айырылды. Байжановты 4 жылға бас бостандығын айыру туралы сот үкімі шықты. 

2025 жылдың шілдесінде Бақытжан Байжановтың жаза мерзімі қысқарды. Амнистия туралы Заңға сәйкес, сотталған Байжановтың жаза мерзімінің өтелмеген бөлігі 1/3-ке қысқартылып, қалған өтеу мерзімі 1 жыл 4 ай 17 күн болып белгіленді. 

Сондай-ақ оқыңыз