Жаңа салық ережелері шағын бизнеске қауіп төндіріп тұр

Жарияланды
Business News бөлімінің редакторы
Депутаты предлагают вернуть производство под упрощенный налог
Фото: kursiv.media, бильд-редактор Ахтам Зиперов

Жаңа Салық кодексіне енгізілген шектеулер шағын және орта бизнеске қауіп төндіріп тұр. «Атамекен» ұлттық кәсіпкерлер палатасының мәлімдеуінше, жеңілдетілген салық жүйесінен шығып қалған кәсіпорындардың бір бөлігі жабылып немесе көлеңкеге кетуі мүмкін. Ал жалпыға ортақ режимге өтетіндер үшін шығын көбейіп, тауар мен қызмет бағасы қымбаттауы ықтимал.

Қай салаларға қауіп төніп тұр?

Кәсіпкерлер палатасының айтуынша, ең алдымен бірқатар әлеуметтік маңызы бар салаларға қауіп төніп тұр.

Денсаулық сақтау. Жеке массаж кабинеттері мен логопед мамандары ірі клиникалармен бір санатқа енгізілген. Бұл ауыл-аймақтағы шағын кабинеттердің жабылуына және қызмет бағасының өсуіне әкелуі мүмкін.

Туризм. Ішкі және кірме бағыттарда жұмыс істейтін шағын турфирмалар қосымша салық ауыртпалығына төтеп бере алмай қалуы ықтимал.

Зергерлік өнер. Шеберханалар мен қолөнершілер ірі зауыттармен теңестірілген. Мұның салдарынан қолжетімді әшекей бұйымдарының бағасы өсіп, шағын кәсіп иелері нарықтан ығысуы мүмкін.

Бөлшек сауда. Дәріханалар дәрі-дәрмек бағасын көтеруге мәжбүр болады, ал желілік саудамен айналысатын мыңдаған студент пен жас ана табысынан айырылуы ықтимал.

Мәдениет және өнер. Концерттер мен мәдени шараларды ұйымдастыру құны қымбаттамақ.

Үй басқару саласы. Тұрғын үйлерді басқаратын ұйымдар шығынды тарифке қосып, тұрғындар үшін коммуналдық төлемдердің артуына себеп болуы ықтимал.

Салық қысымы ең алдымен шағын өндіріс пен қолөнерге ауыр тиюі мүмкін. Қолдан жасалған косметика мен тұрмыстық бұйым шығаратын кәсіпорындар, шағын наубайханалар мен тоқыма цехтарынің бухгалтерияны жүргізуге шамасы жетпейді. Электрик, сантехник, ағаш шебері сияқты тұрмыстық қызмет көрсететін мамандар да жаңа талапқа бейімделе алмайды.

Кәсіпкерлердің ұстанымы қандай?

Кәсіпкерлер кейбір қызмет түрлерін қайтадан жеңілдетілген жүйеге қайтаруды ұсынды. Олар желілік сауда, тұрмыстық қалдық жинау және шағын баспахана қызметін ерекше атап өтті. Мұндай бағыттар өзін-өзі жұмыспен қамтудың нақты үлгісі болып табылады және қосымша табыс көзіне айналып отырған мыңдаған азаматты қамтиды.

Кәсіпкер Қарлығаш Мұқанова былай дейді:

«Көптеген әйелдер декретте отырып, үйден қолөнермен айналысады, тапсырыспен торт пісіреді, шаштараз немесе косметикалық қызмет көрсетеді. Олар тек әлеуметтік желілер арқылы жарнама жасайды. Мұны ірі жарнама бизнесімен салыстыруға болмайды».

Кәсіпкерлер өз ұсыныстарын жазбаша түрде жинап, үкіметке жолдайды. «Атамекен» алдағы күндері сараптамалық қорытынды әзірлеп, бизнес мүддесін қорғау жұмысын жалғастырмақ.

26 қыркүйекте Ұлттық экономика министрлігі арнайы салық режимін қолданушылар тізімін талқылауға шығарды. Соған сәйкес, 1111 кәсіп түрінің 795-і салық жеңілдігін пайдалана алмайды. Алайда министрлік салық төлеушілерге шаққанда шамамен 30% ғана деп отыр.

Сондай-ақ оқыңыз