Трамп Ақ үйде UFC турнирінің өтетін күнін жариялады

АҚШ президенті Дональд Трамп UFC тарихындағы ерекше турнирдің 2026 жылдың 14 маусымында Ақ үйде өтетінін мәлімдеді, деп хабарлайды Daily Mail. Бұл күн Трамптың 80 жылдық мерейтойымен тұспа-тұс келеді.
Мәлімдемені Трамп АҚШ Әскери-теңіз күштерінің 250 жылдығына арналған Норфолктегі әскери-теңіз базасында жасады.
Дана Уайт Sports Business Journal-ға берген сұхбатында турнирден кейін Ақ үйдің оңтүстік алаңындағы газонды ауыстыру үшін UFC 700 мың доллар жұмсайтынын айтты. Оның айтуынша, жарысқа қатысатын спортшылар алдымен Трамптың кабинетінен шығып, содан кейін «Октагонға» көтеріліп, 5 мың көрерменнің алдында өнер көрсетеді.
Турнирдің басты қатысушыларының бірі ирландиялық Конор Макгрегор болмақ. Бұған дейін Макгрегор Ақ үйде өтетін турнирге дайындалып жатқанын мәлімдеген болатын.