Құрылыс компаниясының басшысы Нұрабаев 7 жылға сотталды

«Дорстройтрест» құрылыс компаниясының басшысы Ерден Нұрабаев жеті жылға сотталды. Ал «Samruk-Kazyna Construction» топ-менеджері Асқар Құсайынов қашып жүр.
Қаржылық мониторинг агенттігінің хабарлауынша, Нұрабаев Астана қаласында «Көк Төбе» көппәтерлі тұрғын үй кешені құрылысына бөлінген бюджет қаражатын жымқырды деп танылды. Агенттік мәліметінше, «Samruk-Kazyna Construction» мен «Дорстройтрест» арасында құрылысқа инвестиция тарту туралы шарт жасалып, мердігерге 2,6 млрд теңге аванс аударылған.
«Алайда құрылыс жұмыстары тиісті талаптарға сәйкес жүргізілмей, белгіленген мерзімде аяқталмаған. Аванстың едәуір бөлігі құрылысқа қатысы жоқ қарыздарды өтеуге және автокөлік сатып алуға жұмсалған», – деп хабарлайды құзырлы мекеме.
Бұдан бөлек, 650 млн теңге жалған шарттар арқылы сыбайлас компаниялардың шоттарына аударылып, қолма-қол ақшаға айналдырылған.
«Сот үкімімен «Дорстройтрест» ЖШС басшысы Нұрабаев кінәлі деп танылып, оған 7 жыл бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалды».
Сонымен бірге, сот шешімімен жалпы құны 131 млн теңгенің мүлкі мемлекет кірісіне тәркіленді.
Агенттік «Samruk-Kazyna Construction» АҚ-ның бұрынғы басқарушы директоры Асқар Құсайыновқа халықаралық іздеу жарияланғанын ескертті.
Осы іске қатысты тергеу биыл мамырда аяқталды. Сол кезде күдіктілердің бес автокөлігі мен Астанадағы пәтеріне тыйым салынғаны мәлім болған.