Air Astana билеттері неге қымбат

Жарияланды
Business News бөлімінің тілшісі
Air Astana БАӘ мен Катар қалаларына әуе рейстерін тоқтауға мәжбүр болды / фото: Air Astana
Air Astana билеттері неге қымбат? / Фото: ашық дереккөзден

Air Astana президенті Питер Фостердің жұбайы Татьяна Фостер әуе билеттерінің неге қымбат екендігін түсіндірді.

Фостердің айтуынша, Air Astana көптен бері толықтай мемлекеттік құрылым емес. IPO-дан кейін компания өзін-өзі қаржыландыратын акционерлік қоғам ретінде жұмыс істейді. Мемлекет әуекомпанияны тікелей қаржыландырмайды, барлық шығындар өз кірісінен жабылады.

«Air Astana субсидия алмайды, бюджет есебінен өмір сүрмейді және шығындарын мемлекетке жүктемейді. Компания өз табысын өзі табады, акционерлерге (оның ішінде „Самұрық-Қазынаға“) дивиденд төлейді және пайдасын қайтадан техникаға, қауіпсіздікке инвестициялайды », – деп жазды ол инстаграм парақшасында.

Татьяна Фостердің сөзінше, Air Astana табысының елеулі бөлігі ұшақ сатып алу мен лизингке жұмсалады. Бір ұшақтың құны 100-ден 130 млн долларға дейін жетуі мүмкін. Компания жыл сайын қозғалтқыштарды және қосалқы бөлшектерді ауыстыруға миллиондаған қаражат жұмсайды. Бұдан бөлек, тұрақты техникалық қызмет көрсету, диагностика және тексерістерге қаржы кетеді.

Сонымен бірге рейс құнының 40%-ы авиаотынға жұмсалады. Оның бағасы әлемдік нарық пен валюта бағамына тәуелді. Бұған қоса, 7 мыңнан астам қызметкердің жалақысы мен әлеуметтік төлемдері, әуежай алымдары, салық, сақтандыру және инфрақұрылымды ұстап тұру шығындары бар.

«Авиация – жеңіл ақша емес. Бұл – тұрақты инвестиция, үлкен жауапкершілік және күн сайын сапарды қауіпсіз ету үшін еңбек ететін мыңдаған маманның жұмысы», – деп жазды Фостер.

Air Astana акцияларының басым бөлігі «Самұрық-Қазына» ұлттық әл-ауқат қорына тиесілі (41%). Басқа ірі акционерлерге BAE Systems (16,95%), Citibank (21,74%) және Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қоры (6,51%) жатады. Компания акциялары инвесторлар арасында әлеуеті жоғары деп есептеледі.

Сондай-ақ оқыңыз