Мұғалімдердің жалақысы үш жыл қатарынан нақты табыс жағынан төмендеп келеді

Соңғы жылдары білім беру саласындағы мұғалімдердің табысы өскенімен, инфляцияны ескерсек, нақты табыс керісінше төмендеп отыр.
Мәселен, пандемия жылдары педагогтердің жалақысында айтарлықтай өсім байқалған болатын. 2020 жылы – 31%, 2021 жылы – 24,1%. Бұл кезеңде ел экономикасындағы орташа өсім сәйкесінше 14% және 17,5% болды.
Алайда кейінгі жылдары бұл қарқын бәсеңдеп, инфляцияның шынайы әсері байқала бастады. 2025 жылдың алғашқы жартыжылдығында білім саласындағы кей маман иелерінің табысында шамалы өсім тіркелсе, кейбірі керісінше төмендеген. Мәселен:
- ЖОО оқытушыларының нақты табысы – +5,8%;
- Балабақша тәрбиешілерінікі – +1,3%;
- Бастауыш сынып мұғалімдері – +0,5%;
- Ал негізгі пән мұғалімдерінің табысы – 4,1%-ға төмендеген.
Кәсіби күйзеліс күшейіп барады
Е.А. Бөкетов атындағы Қарағанды университеті мұғалімдердің кәсіби күйзелісіне байланысты зерттеу жүргізіп, дабыл қақты. Зерттеуге Өскемен қаласынан 26–30 жас аралығындағы 400 мұғалім қатысқан.
Зерттеу нәтижесі алаңдатарлық:
- 39,5% мұғалім – орта деңгейлі эмоционалдық шаршауды бастан кешіруде;
- 35,6% – ауыр күйзеліске ұшыраған;
- 34,2% – мамандығына деген жатсынуды сезінеді;
- 30%-ға жуығы – өз жетістіктеріне күмәнмен қарай бастаған.
Жалақы артса да, педагогтердің эмоционалдық жүктемесі азаймай отыр. Бұл – кадр тапшылығы, әсіресе ауыл мектептерінде, одан әрі ушығуы мүмкін деген қауіп туғызады. Сарапшылар саладағы жүйелі өзгерістерсіз бұл жағдай терең дағдарысқа алып келуі ықтимал екенін ескертуде.
Еске салсақ осыған дейін мұғалім мен дәрігерлердің жалақысы көтерілетіні жайлы жазған едік.