Түркістанда «оқушыны азғырған» мұғалім бас бостандығынан айырылды

Сот Түркістан облысы Қазығұрт ауданында 8-сынып оқушысын азғындық жолға түсірген мұғалімді бас бостандығынан айырды.
Істі Түркістан облыстық қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық соты қараған. Сотталушы Қазығұрт ауданы Атажұрт ауылындағы Бауыржан Момышұлы атындағы мектептің дене шынықтыру пәні мұғалімі Айбек Алауов «Он алты жасқа толмаған адамдарды азғындық жолға түсіру» бабымен кінәлі деп танылды. Ол 12 жыл 6 айға бас бостандығынан айырылды. Оған қоса педагогикалық және кәмелетке толмағандармен жұмыс істеуге байланысты лауазымдарды атқару құқығынан өмір бойына айырды.
Сотталушы жазасын қауіпсіздігі орташа түзеу мекемесінде өтейді. Оның бұған дейінгі түрмеде отырған бір күні жаза мерзімінің бір жарым күніне есептелетін болды.
«Сот ісі бойынша барлық дәлелдеме жан-жақты талданды. Жәбірленушінің жауаптары, сот сараптамалары, өзіңіздің алғашқы жауаптарыңыз, соның бәрін талдап, баға берді. Сотталушы Алауов, сот сізді жәбірленушіге азғындық жасады деп танып отыр», – деді судья Ғани Құлдасов.
16 жылдан бері дене шынықтыру пәні мұғалімі болып жұмыс істеген 37 жастағы сотталушы наурыз айының соңында 8-сынып оқушын жеке көлігімен Шымкентке қыдырамыз деп алып шығып, жол жиегіне тоқтап тиіскен деген күдікке ілінген еді. Ол соттан өзін «Сексуалдық сипаттағы зорлық-зомбылық әрекеттер» бабымен жазалауды сұраған. Оның сот үкіміне қатысты апелляциялық шағым беретіні не бермейтіні беймәлім.
Ал 14 жастағы жәбірленуші отбасындағы бес баланың кенжесі. Оның мұғаліммен ара қатынасын ата-анасы білмей қалған. Анасы мұғалім қызымның өтпелі кезін пайдаланбақ болды деген еді. Оқиғадан соң оқушы тұйықталып, мінезі өзгерген. Дәм татпай, оқшаулана бастаған. Онымен психологтар жұмыс істеген. Ал мектеп әкімшілігі сабақты онлайн оқуға көшірген еді.