Қазақстаннан Германияға экспортталатын мұнай көлемі 30%-ға артады

Қазақстан 2026 жылы Греманияға жеткізілетін мұнай көлемін арттырмақ. Бұл туралы «ҚазМұнайГаз» басқарма төрағасы Асхат Хасеновтің Rosneft Deutschland GmbH компанияс бас директоры Йоханес Бремермен кездесуі барысында белгілі болды.
Келіссөз барысында қазақстандық мұнайды Германияға тасымалдау мәселелері талқыланып, тараптар өзара тиімді ынтымақтастықты кеңейтуге мүдделілік танытты.
Кездесу қорытындысы бойынша қазақ мұнайын Германияға жеткізу жөніндегі қолданыстағы келісімшарт 2026 жылдың соңына дейін ұзартылды. Құжатқа сәйкес, ай сайынғы жеткізу көлемі 100 мың тоннадан 130 мың тоннаға дейін артады. Мұнай «Қарашығанақ Петролиум Оперейтинг Б.В.» компаниясының ресурстарынан жеткізіледі.
Айта кетсек, 2024 жылы ҚМГ Қарашығанақ кен орынына неміс жеріне мұнай жөнелте бастаған. Ал 2025 жылы «Тенгизшевройл» өндірген мұнай тасымалдана бастады.
2025 жылдың тоғыз айында Қазақстаннан Германияның Шведт қаласындағы мұнай өңдеу зауытына шамамен 1,5 млн тонна мұнай жеткізілді.