«Нұрлы жерге» бөлінген 152 млн теңге қолды болды

Ақмола облысында әлеуметтік осал топтардың тұрғын үй кезегін қысқартуға бағытталған «Нұрлы жер» мемлекеттік тұрғын үй құрылысы бағдарламасына бөлінген бюджет қаржатын жымқырғандардың ісі сотқа жолданды.
Қаржылық мониторинг агенттігінің хабарлауынша, жемқорлық салдарынан 152 млн теңге көлемінде зиян келді.
2020 жылы «Құрылыс бөлімі» мемлекеттік мекемесі мен «НИКС Инжиниринг Групп ИВ» ЖШС арасында құрылыс саласында мемлекеттік сатып алу жұмыстарына 500 млн теңгеден астам сомаға келісімшарт жасалған.
«Алайда мердігер 3 жыл бойы құрылыс бөлімі басшысының көмегімен іс жүзінде орындалмаған, көлемі мен құны өсірілген жалған қабылдау актілерін берген», – деп хабарлайды агенттік.
Құзырлы мекеменің мәліметінше, сот санкциясымен күдіктілердің 100 млн теңгеден астам құны бар мүлкі тәркіленеді. Мердігерге қамауда ұстау түріндегі бұлтартпау шарасы таңдалды. Қылмыстық іс сотқа жолданды.
Естеріңізге сала кетейік, жақында ғана «Дорстройтрест» құрылыс компаниясының басшысы Ерден Нұрабаев жеті жылға сотталды. Ал оның сыбайласы делінген «Samruk-Kazyna Construction» топ-менеджері Асқар Құсайынов қашып жүр.