Шымкентте үндістандық студенттердің өліміне себепші болған зейнеткер сотталды

Шымкентте қауіпсіздік талаптары сақталмаған пәтерін шетелдік студенттерге жалға беріп, кісі өліміне себепші болған зейнеткер 4 жылға сотталды. Соталушы кінәсін мойындаған.
Істі Шымкент қалалық қылмыстық істер жөніндегі ауданаралық соты қарады. Сот дерегінше, айыпталушы Қарасу шағын ауданында орналасқан пәтеріне «Газ және газбен жабдықтау туралы» заңы талаптарын бұза отырып, газды су жылытқыш орнатқан.
2024 жылдың тамыз айында дәл осы пәтерді Үндістан Республикасының бес азаматына жалға берген. Бір айдан кейін бес адамның екеуі абайсызда газден иістеніп, қайтыс болған.
«Танташева Амина Оспанхановна Қылмыстық кодекстің 306-бабының 3-бөлігімен көзделген қылмыстық құқықбұзушылықты жасағаны үшін кінәлі деп танылып, оған 4 жыл мерзімге бас бостандығын айыру жазасы тағайындалсын. Қылмыстық кодекстің 63-бабы қолданылып, тағайындалған жаза шартты деп есептелінсін» делінген сот кабинеті жүйесінде ілінген сот үкімінде.
Сотта айыпталушының кінәсі толық дәлелденген. Жазаны тағайындау кезінде сотталушының асырауында кәмелетке толмаған баланың болуы, зейнеткерлік жасқа жеткені, кінәсін мойындауы ескерілген. Ал прокурор зейнеткерді 4 жылға бас бостандығынан айыру жазасын тағайындауды сұраса, жәбірленуші тарап жаза тағайындауды соттың кұзырына қалдырған. Айта кетейік, сот үкімі заңды күшіне енбеген.
2024 жылдың қыркүйек айында Шымкенттегі жалдамалы пәтерлердің бірінен екі шетелдік студенттің денесі табылған еді. 21 және 22 жастағы екі Үндістан азаматы Қазақстанға оқуға келген.
Үндістандық жастардың дені Шымкентке медицина академиясына оқуға келеді.