Құмар ойындарды жарнамалаған блогерлерге енді қылмыстық іс қозғалуы мүмкін

Жарияланды
General News бөлімінің тілшісі
Онлайн-казиноны жарнамалағандарға қылмыстық іс қозғалмақ / shutterstock, бильд-редактор: Дастан Шанай

Қаржылық мониторинг агенттігі төрағасының орынбасары Қайрат Бижанов блогерлердің онлайн-казино жарнамалауына қатысты қылмыстық жауапкершілік енгізуді ұсынды. Бұл туралы Үкімет отырысында мәлімдеді.

Бижановтың айтуынша, соңғы уақытта блогерлердің онлайн-казиноны жарнамалауы жаппай сипат алып, қоғамда ойынқұмарлық тәуелділіктің артуына себеп болып отыр.

«Онлайн-казино жарнамалаған блогерлер саны көбейіп барады. Көпшілігі заңды білсе де, жүйелі түрде елемейді. Қолданыстағы әкімшілік айыппұлдар олардың табысымен салыстырғанда тым төмен. Сондықтан мұндай әрекетке қылмыстық жауапкершілік қарастыру қажет», — деді ҚМА өкілі.

Агенттіктің дерегінше, қазіргі таңда 18 блогер әкімшілік жауапкершілікке тартылған, ал бас-аяғы 37 инфлюенсер онлайн-казино жарнамалаған.

Бижанов атап өткендей, ұсынылып отырған өзгеріс қаржы пирамидаларын жарнамалауға қарсы қолданылып жүрген заң нормаларына ұқсас болмақ. Бұл бастама Үкімет тарапынан қолдау тапты.

Еске салайық, тамыз айында да осындай деректер жарияланған еді: жыл басынан бері Қазақстанда 34 блогер онлайн-ойындарды жарнамалағаны анықталған. Олардың 11-і әкімшілік жауапқа тартылып, қалған 23-і бойынша материалдар Мәдениет және ақпарат министрлігіне жолданған болатын.

Сондай-ақ оқыңыз