Қазақстан іш киімнің реэкспортын арттырды

Қазақстан соңғы жылдары тек смартфон мен тұрмыстық техника ғана емес, киім-кешек пен іш киімдерді де шетелге қайта экспорттай бастаған.
Energyprom ақпаратына қарағанда, бұл туралы Ұлттық статистика бюросының және Мемлекеттік кірістер комитетінің деректері көрсетеді.
Мәселен, 2024 жылы елімізден экспортталған іш киім көлемі өндірілген өнімнен бірнеше есе көп болды. Өткен жылы Қазақстанда барлығы 1,3 млн дана іш киім тігілсе, шетелге 11,1 млн дана жөнелтілген. Бұл – 3,7 есе өсім. Биылғы жеті айда да бұл үрдіс жалғасып, экспорт тағы 25,9%-ға артты.
Бұған ұқсас жағдай басқа да жеңіл өнеркәсіп тауарларында байқалады. 2024 жылы 681 мың дана сырт киім өндіріліп, 5,3 млн дана экспортталған. Ал свитер мен джемперлер келсек, 212 мың дана өнім тігілсе де, сыртқа 1,1 млн-ға жуық өнім жөнелтілген.
Негізгі сатып алушылар – Ресей мен Түркия. Ресейге экспорт 4,2 есе, Түркияға 17,4 есе артқан. Сондай-ақ, қазақстандық өнімдерді Қырғызстан, Беларусь және Өзбекстан да сатып алады.
QazIndustry деректеріне сәйкес, Қазақстанның жеңіл өнеркәсіп нарығы шамамен 1,5 млрд доллар болады. Алайда оның 94%-дан астамы – импорттық өнім. Өзіміздің өндірістің үлесі – небәрі 5,7%.
Осылайша, экспорттағы өсім отандық өндірістің дамуын емес, Қазақстан арқылы өтетін реэкспорт көлемінің артуын көрсетеді.
Айта кететін жайт, сауда министрлігі Қазақстанда реэкспортпен айналысатын компаниялар жоқ деп сендірді.