«Қайратты Реал ғана емес, біз де жеңгенбіз» – Марат Ахметжанов

Ақмола облысының әкімі Марат Ахметжанов «Уәде» бағдарламасында өңірдің басты футбол командасы «Оқжетпес» жайлы мәлімдеме жасап, клубтың соңғы табыстарын ерекше атап өтті.
«Оқжетпесіміз қазір Премьер-лигада ойнап жүр. Жекешелендіру ойда бар, қазіргі уақытта 6-орында. Ойыны жаман емес. Бизнесмендерден сұранысты қарастырып жатырмыз, ойынның сапасына да қараймыз. Алматыға барып «Қайратты» жеңдік. «Қайратты» жеңіп жатқан тек «Реал» емес, «Оқжетпес» те бар. «Оқжетпес» те «Қайратты» ұтып келді. Қазір «Оқжетпестің» ойыншылары ұлттық құрамаға үміткер ретінде шақырылып, ойнап жатыр. Қолым бос кезде ойындарын көріп тұрамын», – деді әкім.
Айта кетсек, биыл көктемде көкшетаулық клуб Қазақстан чемпионатында, шын мәнінде, сенсациялық нәтиже көрсеткен. «Оқжетпес» ел чемпионы атағына үміткер саналатын алматылық «Қайратты» өз алаңында 2:1 есебімен тізе бүктірген болатын.
Ал әкімнің айтуынша, «Оқжетпес» енді ел құрамасына ойыншы беріп отырған, әлеуеті жоғары ұжымға айналды.