Рим папасы шетелге алғашқы сапарын мұсылман елдерінен бастайды

Рим папасы XIV Лев алғашқы халықаралық сапарын мұсылман елдерінен бастайды. Ол қарашаның аяғында Түркияға, одан соң Ливанға барады. Бұл туралы CNN телеарнасы хабарлайды.
Америкадан сайланған алғашқы Рим папасы 27-30 қараша аралығында Түркияда болады. Ол Никея соборының 1700 жылдығына қатысады. Содан кейін Ливанға жол жүреді.
Ватиканның хабарлауынша, Лев саяси көшбасшылармен де кездесіп, Таяу Шығыстағы жағдайды талқылайды. Бұған қоса, сол елдердегі христиандарға демеу көрсетеді.
Журналистермен тілдескен Папа «қатты зардап шеккен Таяу Шығысқа әлем үнін жеткізуге», «бейбітшілік пен үміт» сыйлауға тырысатынын мәлімдеді.
«Бәрімізге әлемде зұлымдық көбейіп кеткені туралы ойланып, не істей аламын деген сауалды өзімізге қоюымыз керек», – дейді Лев.
Бұған дейінгі Папа Түркия мен Ливанға баруды жоспарлаған, алайда үлгермеген. Жыл басында Папа Францисктің денсаулығы нашарлап, 21 сәуірде көз жұмған еді.
Естеріңізге сала кетейік, жақында ғана Ватикан кардиналы Израильдің Газа секторындағы әрекетін «қанды қырғын» деп атаған. Журналистер Рим Папасынан оның орынбасарының мәлімдемесі туралы не ойлайтынын сұраған. Лев «Кардинал Қасиетті тақтың пікірін дұрыс жеткізе білді» деп қысқа жауап берген.