Ұлттық банк тағы бір жыл қатаң ақша-несие саясатын ұстануы ықтимал

Қазақстан қаржы нарығының өкілдері Ұлттық банк тағы бір жыл бойы қатаң ақша-несие саясатын жалғастырады деп болжайды Оған себеп – инфляциялық қысымның күшеюі мен тарифтердің қымбаттауы. Мұндай қорытындыны Қаржыгерлер қауымдастығының талдау орталығы қазан айындағы сауалнама нәтижесі бойынша келтірді.
Инфляциялық болжам қайта өсті
Сарапшылардың пікірінше, алдағы 12 айда инфляция деңгейі 12,1%-ға дейін жетуі мүмкін (қыркүйекте – 11,4%). Негізгі себеп ретінде тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық тарифінің көтерілуі, жанармай бағасының қымбаттауы, ипорттық тауарлар бағасының әсері және бюджет шығынының артуы аталды. Сонымен қатар алдағы салық реформасы мен әлеуметтік маңызы бар тауарлар бағасын реттеу шаралары да қосымша қысым жасамақ.
Базалық мөлшерлеме жоғары деңгейде сақталады
Респонденттердің 73%-ы 10 қазанда өтетін отырыста базалық мөлшерлеме көтеріледі деп күтсе, қалған 37%-ы оның өзгеріссіз қалады деген болжайды. Сарапшылар базалық мөлшерлеменің орта мерзімді перспективада 15,5% деңгейінде сақталады деп пікір білдірген. (қазіргі деңгей – 16,5%). Бұл – Ұлттық банктің инфляцияны тежеуге басымдық беріп отырғанының белгісі.
Мұнай арзандап, теңге әлсірейді
Қаржы нарығы мамандарының есебінше, ОПЕК+ елдерінің өндірісті арттыруы нәтижесінде Brent маркалы мұнайдың бағасы алдағы 12 айда орта есеппен 66,4 долларды құрауы мүмкін (бұрын – 66,7 доллар). Бағаның төмендеуі экспорттан түсетін кірістерге әсер етіп, теңгенің біршама әлсіреуіне әкелмек: қараша басында доллар бағамы 544 теңге деңгейінде, ал бір жылдан кейін шамамен 557 теңгеге дейін көтеріледі деп күтіледі.
Бұған дейін BCC Invest сарапшылары пессимимстік сценарий жүзеге асса, жыл соңында доллар 565 теңгеге жуықтауы мүмкін деген болжам жасаған.
Экономикалық өсім баяулайды
Инфляция қысымы мен мұнай бағасының төмендеуіне байланысты ЖІӨ өсімі де тежелмек. Сарапшылардың орташа болжамы бойынша, 2026 жылдың күзіне қарай ел экономикасының өсімі 4,8%-ды құрамақ (қазіргі өсім – 6,5%).