Құрылыс кодексін әзірлеуге қанша қаржы жұмсалды?

Жаңа Құрылыс кодексін әзірлеу үшін арнайы конкурс өткізілді ме? Бюджеттен қанша қаражат бөлінді? Өнеркәсіп және құрылыс министрі Ерсайын Нағаспаев осы сұрақтарға жауап берді.
Министрдің түсіндіруінше, құжат жобасын дайындау үшін конкурс өткізбекші болған. Бірақ қатысушы тараптар миллиард теңгеге дейін бюджет сұрайды.
» Бастапқыда кодексті әзірлеуге конкурс өткізу жоспарланған еді. Әділет министрлігінің есептеу ұйымдары тарапынан да, «Атамекен» палатасынан да, жеке компаниялар мен біздің тарапымыздан да ұсыныстар түскен. Әділет министрлігінің еншілес ұйымдары миллиардтан көп қаржыға, кәсіпкерлер палатасы 900 млн теңге төңірегінде жобаларын ұсынды», – деп түсіндірді ведомство басшысы.
Осыдан кейін мемлекеттік тапсырыс аясында конкурс ұйымдастырып, заң жобасының бюджетін 363 млн теңгеге дейін төмендеткен. Нәтижесінде оны құрылыс министрлігіне қарасты еншілес ұйым жеңіп алып, Кодекс құжатын әзірлейді.
Нағаспаевтың сөзінше, құжатты әзірлеу кезінде мемлекеттік аудит тексеріс жүргізген. Бірақ олар қаржылай емес тек техникалық сипаттағы қателіктер анықтаған.
Бүгін министр Құрылыс кодексін мәжілісте таныстырды. Депутаттар құжатта маңызды нормалар бекітілмегенін айтып, сынға алды.