Алматыдағы 40 қабатты Rams Beyond-тың құрылысы тоқтатылуы мүмкін

Жарияланды
General News бөлімінің аға тілшісі
Фото: rams-beyondalmaty.kz

Алматыда бірнеше ай бойы дау туғызған Rams Beyond Almaty 40 қабатты кешенінің құрылысы тоқтатылуы мүмкін. Бұл туралы Өнеркәсіп және құрылыс министрі Ерсайын Нағаспаев мәлімдеді.

Министр дау тудырған құрылыс жобасына қатысты пікір білдіріп, рұқсат берген бақылау органдары жауапкершілікке тартылғанын айтты.

«Рұқсатты, соның ішінде Алматы қаласының сәулет-құрылыс бақылау басқармасы (ГАСК) берген. Ол әкімдіктің құзырында. Министрліктің жоғары органы оларды тексеріп, жазасын берді, тиісті нұсқаулар жасалды. Тексерулер әлі жалғасуда. Сот шешімінен кейін қорытындысын жариялаймыз. (…) Егер сот шешсе, құрылыс тоқтатылуы мүмкін», – деді Нағаспаев.

Осыған дейін Мәжіліс депутаты Сергей Пономарев 40 қабатты ғимараттың құрылысына толық тыйым салуды талап еткен болатын. Ол құрылыс сапасының төмендігі мен құрылыс компаниясының бұрынғы жобаларын аяқтамағанын атап өтіп, рұқсат қағаздарысыз жаңа жобаны бастап жатыр деген еді. Депутат бұл жерге биік ғимараттың орнына саябақ немесе әлеуметтік нысан салуды ұсынған болатын.

Тамыздың соңында құрылыс тоқтатылған еді. Алайда қыркүйек басында депутат Бақытжан Базарбек Rams Qazaqstan компаниясының құрылыс жұмыстарын қайта жалғастырғанын хабарлады.

Қазан басында Алматы әкімдігі қаладағы тұрғын үй кешендерінің құрылысын қатаң бақылауға алып, бекітілген және қоғаммен келісілген эскиздерге сай болуын талап етті.

Сондай-ақ оқыңыз