Депутаттар электромобильдерге жеңілдік режимін тағы 3 жылға ұзартуды сұрады

Жарияланды
General News бөлімінің аға тілшісі
Фото: kursiv.media

«Ақ жол» партиясының депутаттары Қазақстанға электромобильдерді жеңілдікпен әкелу режимін ұзартуды сұрады.

Электромобильдерге жеңілдік не үшін қажет

«Ақ жол» партиясының депутаты Олжас Нұрәлдинов әріптестері атынан премьер-министрі Олжас Бектеновке депутаттық сауал жолдады. Депутаттардың айтуынша, ауаның ластануын азайтуға ықпал еткен тиімді тетік, ол электромобильдерді жеңілдікпен әкелу еді. Оның үстіне бұл механизм азаматтарды кедендік баж бен утилизациялық алым төлеуден босатты.

Олардың айтуынша, бұл шара автопаркті жаңартуға және зиянды шығарындыларды азайтуға мүмкіндік берді. 2024 жылы елге 15,7 мың электромобиль әкелінген. Дегенмен, олардың үлесі жалпы көлік санымен салыстырғанда әлі де төмен, бар болғаны 0,5%. Ал Қытайда бұл көрсеткіш – 35%, ЕуроОдақ елдерінде – 22%-дан асады. Депутаттар азаматтардың электромобильдерге көшуін қолдау маңызды екенін айтады.

Депутаттар ұсынысы

Депутаттар Үкімет басшысына жеңілдік режимін кемінде үш жылға ұзартуды ұсынды. Бұл мәселені Еуразиялық экономикалық комиссия алдында да көтеруді өтінді. Сонымен қатар электромобильдерге арналған инфрақұрылымды дамытуға қолдау көрсетуді, отандық өндірушілер мен инвесторларды мұндай көліктерді құрастыру мен өндіруге ынталандыруды сұрады.

Айта кетейік электрлі көліктер үшін кедендік баж бен утилизациялық төлемнен босату шарасы 2025 жылдың соңында күшін жояды.ҚР Қаржы министрлігі Мемлекеттік кірістер комитетінің хабарлауынша, бұл жеңілдіктерді ұзарту мәселесі қаралмаған. Жаңа Салық кодексінде де электромобиль импорттаушыларға қатысты ешқандай ерекше шарттар көзделмеген.

2026 жылдан бастап Қазақстанға электромобиль импорттау ҚҚС төлеу міндетіне байланысты қымбаттайды. Дегенмен экологиялық таза көлік иелері ел ішінде бірқатар салықтық және тіркеу жеңілдіктерін пайдалана береді.

Сондай-ақ оқыңыз