Алтын ғана емес, күміс те қымбаттап, тарихи межені еңсерді

Алтынның бір унциясы 4 мың доллардан асып кетсе, артынша күміс те қымбаттап, тарихи рекорд орнатты. 8 қазан, сәрсенбі күні күміс құны 3,5%-ға артып, бір унциясының бағасы 49,54 долларға дейін жетті.
Дегенмен 9 қазан, бейсенбіде, күміс бағасы біршама түсті. Қазір ол шамамен 48,88 доллардан саудаланып жатыр. Алтынның бір унциясы шамамен 4 025 доллардан сатылады.
Естеріңізге сала кетейік, 8 қазанда алтынның бір унциясының бағасы тарихта алғаш рет 4 мың доллардан асты. Қауіпсіз актив іздеген инвесторлар алтынды көптеп сатып алуға көшті. Әлемнің бас банктері де ертеңгі күнді ойлап, алтын қорын көбейтіп жатыр. Осының бәрі бағаға әсер етпей қоймайды.
Нарық заңы: сұраныс артқан сайын, баға да көтеріле береді. Енді инвесторлар күмісті де сенімді активке жатқызып отыр. Алтын мен күміс ерте замандардан-ақ қор жинау көзі болып келеді. Қазір активтердің басқа да түрлері көбейгенімен, бағалы металдар құнын жоғалта қойған жоқ.