Душанбеде 2030 жылға дейін самокат пен скутерлерге тыйым салды

Душанбеде электросамокат пен электроскутерлердің автомобиль жолдары мен жаяу жүргіншілер аймақтарында жүруіне уақытша шектеу қойылды. Бұл шешім Душанбе халық депутаттары мәжілісінің шешіміне сәйкес қабылданған.
Қалалық милицияның хабарлауынша, шектеу Душанбенің барлық ауданына қатысты, тек арнайы белгіленген аймақтар ғана бұл тыйымнан босатылады.
Ресми мәліметте айтылғандай, мұндай шара электросамокаттар мен электроскутерлердің ретсіз қолданылуын азайту, олардың қатысуымен болатын жол апаттарын төмендету, сондай-ақ көлік қозғалысына және жаяу жүргіншілерге кедергіні жасамау мақсатында қабылданған. Бұл шектеу тиісті инфрақұрылым толық жасалғанға дейін күшінде болады.
Полицияның дерегінше, жыл басынан бері Душанбеде электроскутер мен электросамокат қатысқан 26 жол-көлік оқиғасы тіркелген. Нәтижесінде 3 адам қаза тауып, 24 адам әртүрлі дене жарақатын алған.
Электросамокаттар мәселесі Қазақстанда да өзекті. Тіпті 8 қыркүйектегі жолдауында президент Тоқаев ерекше назар аударуды тапсырған еді. Содан кейін Алматыда самокаттарға қатысты бақылау күшейіп, полиция ауқымды рейд өткізді.