Енді қазақстандықтар Қатарда заңды жұмыс істей алады
Жарияланды

Сенат отырысында Қазақстан азаматтарын Қатарда жұмысқа орналастыруды реттеу туралы келісім ратификацияланды. Бұл дегеніміз екі тарап ресми келісіп, қазақстандықтар Қатарда заңды жұмыс істей алады, олардың құқығы билік тарапынан әлеуметтік қорғалады.
Келісім бойынша, қазақстандықты қатарлық тарап жұмысқа шақыратын болса, мынадай міндеттемелерді орындауы керек:
- жұмысшыға тұрғын үй немесе тұрғын үйге арналған жәрдемақы беру;
- жұмыс орнына дейін және кері бағытта тегін көлікпен қамтамасыз ету немесе көлік шығынын өтеу;
- Қатар заңнамасына сай медициналық қызмет көрсету;
- жұмысқа қабылдау және еңбек шарты аяқталған кезде, сондай-ақ жыл сайынғы еңбек демалысы кезінде ұшу шығындарын төлеу.
Жұмыс беруші бұл шарттың ережелерін өз бетінше өзгерте алмайды. Бірақ жұмысшы тәртіп бұзушылық жасаса, еңбек шарты аяқталмай тұрып жұмыстан шықса, бұл міндеттемелер орындалмайды
Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Светлана Жақыпованың мәліметінше, бұл құжат 2024 жылдың 14 ақпанында Тоқаевтың Қатарға ресми сапары кезінде қол қойылған.