Шетел турисі Шымбұлақтағы қымбат бағадан шошыды

Financial Times басылымының туризм туралы жазатын журналисі Эрик Кендалл Қазақстанға сапары туралы көлемді мақала жариялады. Шетел турисін Шымбұлақтағы мейрамханалардың қымбат бағасы шошытты.
Журналист Алтай мен Алатауда шаңғы теуіп, Риддер мен Алматы қалаларының тыныс-тіршілігімен танысқан.
Риддер туралы
Кендалл Қазақстанның шығысындағы Риддер қаласында сегіз күн болды. Сырт көз мұнда адамдарды тауға алып шығатын арнайы техника жоқ екенін, жоғарыға ратрактармен, шаңғымен көтерілуі тура келетінін айтып өтті.
Ол қала орталығында бұрынғы совет заманынан қалған көп қабатты үйге тоқтағанын жазып, өте көне жылыту жүйесінің әлі күнге дейін жұмыс істеп тұрғанына таңқалған.
Одан әрі турист бірнеше күнді Ресей шекарасынан біршама шақырым жерде орналасқан шағын ауылда өткізген.
«Үйшіктерде ағаш жағылып, бөлмені сонымен жылытады. Ал әжетханаға жету үшін қарлы соқпақпен жүріп өтуге тура келеді. Ауыз суды бұлақтан шелекпен тасимыз. Бірақ Руслан мен Людмила Леонтьевтер бізді жылы шыраймен қарсы алды», – деп жазды журналист.
Шымбұлақтағы баға
FT журналисі әрі қарай Алматыға жол тартқан, №12 автобусқа отырып, Шымбұлаққа да жеткен.
«Курорттағы адамдардың дені шаңғы тебуге жиналмаған секілді. Олар күн сәулесі түсетін жерге жиналып, селфи-таяқ орнатылған, айналатын орында суретке түсумен болды», – дейді қонақ.
Әлбетте, шетел азаматы Шымбұлақтағы баға туралы да жазды.
«Керемет тау мейрамханаларындағы баға, жергілікті деңгеймен салыстырғанда, асқақтап тұр. Шаңғы тебуге арналған 20 км ғана жолы бар Шымбұлақ та, оған жақын басқа да курорттар, шетел шаңғышылары үшін емес, ойын-сауық орнына көбірек ұқсайды», – деп бағалады Кендалл.
Ол Түргенге де барып, «ешқандай инфрақұрылым жоқ жабайы жер» деп сипаттаған. Соған қарамастан, журналист асқақ таулар мен сұлу табиғатқа сүйсініп, тағы оралуға болады деп түйіндеген.