Оңтүстік Кореяда 11 мың қазақстандық заңсыз жұмыс істеп жүр

Шетелде 126 мыңға жуық қазақстандық азамат еңбек етіп жүр. Оның ішінде 102 мыңы Ресейде, 15 мыңы Оңтүстік Кореяда, 2 мыңы Ұлыбритания және Еуропалық одақ елдерінде жұмыс істейді. Бұл туралы еңбек және халықты әлеуметтік қорғау бірінші вице-министрі Асқарбек Ертаев айтты.
Бірақ бұл елдердің барлығымен бірдей еңбек саласында келісімдер жасалмаған.
«Мысалы, Еуроодақ елдерімен мұндай келісім әзірге жоқ, бірақ көші-қон саясатының тұжырымдамасы аясында оны бекіту жоспарда бар. Онда еңбек қатынастарында қандай да бір мәселе туындаса, қалай әрекет ету керек, қандай шара қабылданатыны нақты жазылады», – деп атап өтті ол.
Ертаевтың сөзінше, Кореяда жұмыс істеп жүрген 15 мың қазақстандықтың 11 мыңы – заңсыз еңбек етіп жүргендер. Сондықтан қазір Оңтүстік Кореямен келісім қаралып жатыр. Күздің соңына дейін келіссөздерді жалғастырады деген жоспар бар.
«Корея тарапының өз талаптары бар: олар біздің азаматтардың заңсыз жүрген жағдайларын анықтап, мәселені ресми түрде шешуді сұрап отыр. Сондықтан біз келіссөздер барысында барлық қазақстандықтар болашақта Кореяға тек заңды түрде барып, құқықтары қорғалуы үшін келісімге осы нормаларды енгізуді көздеп отырмыз», – деді вице-министр.
Бүгін Сенатта Қазақстан азаматтарын Қатарда жұмысқа орналастыруды реттеу туралы келісім ратификацияланды. Енді қазақстандықтар Қатарда заңды жұмыс істей алады, олардың құқығы билік тарапынан әлеуметтік қорғалады.