Әскерге баратындарға мемлекет қалай көмектеседі

Үкімет басшысының орынбасары – Ұлттық экономика министрі Серік Жұманғарин депутат Ардақ Назаровтың ресми сауалына берген жауабында әскерге баратындарға мемлекет қандай басымдықтарды беретінін атап көрсеткен.
Серік Жұманғарин келтірген мәлімет бойынша Қазақстанда мерзімді әскери қызметке баратын азаматтарға бірқатар елеулі артықшылық көзделеді. Мәселен, жауынгерлік даярлық бағдарламасын меңгеруде үздік нәтиже көрсеткен әскери қызметшілерге жоғары оқу орнында оқуға мемлекеттік білім беру грантын бөлу (биыл 2300 грант бөлінді) көзделген. Сонымен бірге, мерзiмдi әскери қызметтен шығарылғаннан кейiн 2 жыл iшiнде Ұлттық бiрыңғай тестiлеудiң нәтижесiн ескермей, ақылы негізде оқуға, оның ішінде магистратураға түсу мүмкіндігі; мемлекеттік жоғары және (немесе) жоғары оқу орнынан кейінгі білім беру ұйымдарында оқудың бірінші жылында жатақханадан орынды басымдықпен алу құқығы беріледі.
«Мерзімді әскери қызмет өткеру мемлекеттік білім беру гранты есебінен жоғары оқу орны мен колледжде білім алуына байланысты жұмыспен өтеуге теңестіріледі; бастапқы әскери даярлықты оқытушы болып жұмысқа орналасуына мүмкіндік (тиісті педагогикалық білімі болса) беріледі. Мерзімді әскери қызмет өткеру кезінде тиісті жүргізуші куәлігін бере отырып, «С», «D», «СЕ» және «DЕ» санаттары бойынша жүргізушілерді даярлықтан өткізу мүмкіндігі бар», – дейді Серік Жұманғарин жауабында.
Сонымен бірге, заңнамалық деңгейде екінші деңгейдегі банктердің, микрокредиттік және коллекторлық ұйымдардың мерзімді қызметтегі әскери қызметшілерге негізгі борыш бойынша төлемдердің мерзімін, банктік қарыз, микрокредит бойынша сыйақыны есептемей, мерзімді әскери қызмет өткеру мерзімін және ол аяқталғаннан кейін 60 күнді қамтитын кезеңге сыйақыны кейінге қалдыру міндеті бекітілген.
ӘСКЕРГЕ ЕНДІ SMS-ПЕН ШАҚЫРАДЫ
Еске сала кетейік, 2 қыркүйектен бастап, күзгі әскерге шақыру науқаны басталды. Бұған дейін Астананың Қорғаныс істері жөніндегі департаменті басшысының орынбасары Әнуар Әубәкіров әскерге шақырту 414 бірыңғай байланыс орталығы арқылы жіберілетінін хабарлаған еді. Биыл күзде 18 бен 27 жас аралығындағы шамамен 22 мың жас қазақстандық Қарулы күштер мен басқа да әскери құрылымдардың қатарына қосылады.