7% мөлшермен жеңіл ипотека алу шарттары өзгерді

«7-20-25» бағдарламасымен ипотека алу шарттары өзгерді. Бұл туралы Kursiv.Media Ұлттық банк (ҰБ) мәліметіне сүйене отырып хабарлайды.
ҰБ «7-20-25» ипотекалық тұрғын үй кредиті бағдарламасын бекіту туралы» қаулыны өзгертті. Енді Қазақстанның ірі қалаларында 30 млн теңгеге дейін ипотека алуға болады.
- Астана, Алматы мен қала маңы аймақтарында, сонымен бірге Ақтау, Атырау, Шымкент қалаларында сатып алынатын баспананың ең жоғары құнын 25 млн теңгеден 30 млн теңгеге дейін көтеру;
- Қарағанды қаласында 20 млн теңгеден 25 млн теңгеге дейін көтеру;
- басқа өңірлерде 15 млн теңгеден 20 млн теңгеге дейін көтеру көзделеді.
Бұған қоса, ипотека алушыларға төлем қабілетін растау үшін тең қарыз алушыларды ғана емес, кепілгерді де тартуға мүмкіндік беріледі.
Арызды қарау кезінде қарыз алушының кірісі тоқтаусыз жүргені маңызды шарт ретінде ескеріледі.
«7-20-25» бағдарламасы 2018 жылы іске қосылды. Соның көмегімен 20%-дан басталатын бастапқы жарнасы бар жұмыс істейтін азаматтар 25 жылға дейін жылдық 7% жеңілдігі бар мөлшерлемемен ипотека ала алады.
ҰБ мәліметінше, 2025 жылғы 2 қазанға дейін осы бағдарлама аясында 1 трлн 149 млрд 7 млн теңгеге қарыз берілді. 81 886 адам жеңілдігі бар ипотека алды.