Блогер Ерболат Жанабыловтың апелляциялық шағымы қаралып жатыр

Жарияланды
General News бөлімінің тілшісі
Блогер Ерболат Жанабылов сот шешіміне шағымданды/фото: kursiv.media

Блогер Ерболат Жанабыловқа қатысты әкімшілік іс апелляция сатысында қаралып жатыр.

Бұған дейін сот заңсыз лотерея өткізу фактісі бойынша қозғалған әкімшілік істі тоқтату туралы қаулы шығарды. Бұл істе қылмыстық құқықбұзушылық белгілері бар болғандықтан, іс экономикалық тергеу департаментіне жолданатын болды.

Блогерге қатысты хаттама әкiмшiлiк құқық бұзушылық туралы 445-1-бабы (Қазақстанның лотереялар және лотерея қызметі туралы заңнамасын бұзу) негізінде толтырылған.

2025 жылдың 9 қазанындағы сот отырысына блогердің адвокаты Олег Чернов онлайн қатысып отыр.

«Бірінші сатыдағы сот әкімшілік істі тоқтату туралы шешім шығарып, қылмыстық кодекстің 214-бабына сәйкес (заңсыз кәсіпкерлік қызмет) қылмыстық құқық бұзушылықтың белгілері бар деген тұжырымға келді. Сот шығарған қорытындыда ұтыс ойынына қатысу құны, оған қатысқандар саны, ұтыс ойынын өткізу және жеңімпаздарға ақшалай сыйақыны жеке есепшоттарына аудару фактілері, сондай-ақ ұтыс ойынының әлі аяқталмағанын ескерілген. Алайда мұның ешқайсысы ҚК 214-бабы диспозициясына сай келмейді», – деді Чернов сотта.

Осылайша, адвокат сот қорытындылары негізсіз әрі ойдан шығарылған деп санайды. Ұтыстың аяқталмауы немесе оның жалғасуы қылмыстық құқық бұзушылықтың белгісі болып табылмайды.

«Сот неге сүйеніп шешім қабылдағаны түсініксіз, өйткені іс материалдарын қарау кезінде тек қылмыстық құқық бұзушылық белгілері ғана емес, тіпті әкімшілік құқық бұзушылық та анықталмаған», – дейді адвокат.

Осыған сүйеніп Чернов бірінші сатыдағы сот шешімінің күшін жоюды сұрап отыр.

Ал прокурор апелляциялық шағымды қанағаттандырмауды сұрады.

Сондай-ақ оқыңыз